Автоматтандыру ауыл шаруашылығын алға сүйрейді
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Баспасөз орталығында «Автоматтандыру ауыл шаруашылығын алға сүйрейді» тақырыбында брифинг өтті. Бұл шараға Егіншілік департаментінің директоры Қаджибекова Ажар Елемесқызы, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және АӨК-ті цифрландыру департаментінің директоры Айымбетов Бауыржан Садуақасұлы, «Ақпараттық есептеу» орталығының өкілі Ибраев Серік Нарсұлтанұлы қатысып, бірқатар маңызды жайттарға тоқталды.
Электронды нысандағы астық қолхаты, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бүгінгі күн талабы. Заман көшіне ілесіп, ауылшаруашылығы саласындағы электронды қызмет түрлерін ұлғайта түсу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі көптеген жұмыстар атқаруда. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру көп саланың дамуына даңғыл жол ашады. Мұны Мемлекет басшысы өз Жолдауында да айтып кеткен болатын.
Ауыл шаруашылығы саласында 100 мемлекеттік қызмет бар екенін айта кеткеніміз жөн. Оның ішінде 42-сін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі көрсетсе, 50-ін жергілікті атқарушы органдар, 8-ін мемлекеттік корпорациялар көрсетеді.
Нақтырақ айтқанда, Минситрлік ақпараттық жүйелер арқылы ветеринария, өсімдіктер карантині, фитосанитария, ауыл шаруашылық техникасы, мал шаруашылығы, жер және тағы да басқа салаларды қамтамасыз етеді.
«Ағымдағы жылы субсидиялаудың үш бағыты бойынша: жерді тыңайту, гербицидтер (шөпжойғылар), несие және лизинг бойынша толығымен автоматтандыру жоспарланып отыр. Осы шаралардың бәрі адам факторы арқылы емес, электронды түрге ауысуы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болатыны бәрімізге де мәлім. Екінші жағынан, бұл фермелерге де тиімді. Өйткені, шаруа өзінің негізгі жұмысынан көңілі бөлінбей, құжаттарды кезекке тұрмай, тез дайындай алады», – деп атап өтті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және АӨК-ті цифрландыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетов.
Сонымен бірге фермерлер астық егуді ғарыштық бақылау арқылы қадағалай алады. Яғни, электронды егіс картасы арқылы бәрі айқын көрініп тұрады.
Тағы айта кететін маңызды бағыттың бірі – электронды астық қолхаты. Астық туралы заңнамаға «қағаз» астық қолхаттарынан электрондық астық қолхаттарына көшуді көздейтін өзгерістер енгізілген болатын. Олардың есебі Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімінде (бұдан әрі – Тізілім) жүргізіледі. Тізілімнің жұмыс істеуін minagro.kz веб-порталында орналасқан Астық қолхаттарының ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – Жүйе) қамтамасыз етеді.
Жүйеде 4 500 астам астық нарығына қатысушылар, оның ішінде 2 000 шаруа (фермер) қожалықтары тіркелген. Атап айтқанда, жүйеде жалпы көлемі 30 млн. тоннаға 133 мың қолхат, оның ішінде 1 млн. тонна жаңа өнім астығына шығарылған.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша астық қолхаттарын тіркеуші болып айқындалған «Ақпаратты- есептік орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, тұрақты негізде жүйені жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер мен функционалдар енгізуді қолға алды», – деді Егіншілік департаментінің директоры Қаджибекова Ажар Елемесқызы өз сөзінде.
Цифрландыру – Қазақстан болашағы. Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда айтылған мәселелер бойынша алдыға үлкен мақсат қойып отыр.
Дерек қөзі: ҚР АШМ Баспасөз қызметі