Жітіқара шаруалары жергілікті билікке өкпелі
Себебі асыл тұқымды мал басына берілетін субсидиядан қағылып, тығырыққа тірелген. Бастапқыда көмек болады деп сенген шаруалар, енді бар салмақтың өздеріне түскенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Нұрлыбек Жүрісбаев алты жыл бұрын Чехиядан асыл тұқымды мал сатып алған. Қазір симментал түлігінің саны 100-ге жетіп отыр. Бастапқыда билік жем-шөп қаржысын субсидиялайды деп қаржылай көмек береді деген. Алайда уәде етілген қолдаудан қағылыпты.
Нұрлыбек Жүрісбаев, фермер:
– 120 мың теңгеден бір басқа береміз деген. Бірақ ол үшін 600 бас болу керек менде. Менде қазір 100 бас сиыр бар. 600 басқа жетемін дегенше жаңа бағдарлама ауысып кетуі мүмкін. Неге десеңіз министрлер осы алып келгелі үшеуі алмасып болды.
Осындай жағдайға тап болғандардың бірі Руслан Шаденов. Онсыз да құрғақшылық бесінші жыл бүйірден қысып барады. Жем-шөптен батқан шығыны шаш-етектен.
Руслан Шаденов, фермер:
– Асыл тұқымды мал өсіреміз деген мәртебеміз бар. Ауданға сүт тапсырамыз. Төрт түрлендіру үшін берілетін субсидияға тәуелдіміз. Мемлекеттен қаржылай қолдау жоқ. Егер осылай жалғаса берсе екі жылдан артық шыдай алмайтын түріміз бар.
Фермерлер сүттің бағасына да наразы. Олар Жітақараға шикізаттың литрін 150 теңгеге сатады. Ал Қостанай 185 теңгеге алуға дайын. Бірақ жол кеткен шығынды қайтаруға жетпейді.
Нұрлыбек Жүрісбаев, фермер:
– 18 Мини зауыт алуға, сүтті пакетировать етуге, шикізат, қаймаққа қосымша ақша берсе, онда адамдар жұмыс істеп кетер еді. Ал қазір үкімет бізге малға ақша берді болды. Басқа инфраструктураны өзің істейсің. Әкімдік электр жарығын алып келеміз деп уәде берді. Оны өзіміз тарттық. Екі миллиондай шығын жібердім. Әрі қарай осылай кете беретін болса, амал жоқ малды қысқартамыз, соямыз.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
– Керекті субсидиядан қағылу шаруашылықтарға оңай тимсі анық. Жағдайлары онсыз да қалт-құлт еткен олар ертең жабылып банкрот болса, онда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі саласына қаншалықты нұқсан келерін болжау қиын. Ал ауылда мал баққан ағайын ертең төрт түлігіне табатын табсысынан айырылса, онда жұмыс іздеп жаппай қалаға ағылатынын тағы жоққа шығаруға болмас.
Облыс бойынша биыл мал шаруашылығына қарастырылған субсидия 7,5 млрд теңгеге тең. Қазір осы соманың 40 проценті фермерлерге үлестірілді. Ал одан қағылғандар бірқатар талапқа жауап бермеуі мүмкін дейді, ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Күннен күнге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден субсидия алуға өтінімдер түсіп жатыр. Яғни күнделікті қарастырып төлеп жатырмыз. Оның төленбеген себебі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өтінімдерінің болмауы боп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс тобы құрылған сол жұмыс тобында тек қана мал шаруашылығы емес барлық субсидиялар мен ережелерді қайта қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни АШМ хабарына байланысты барлық ережелер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енетінін күтіп отырмыз.
Қалай дегенмен ата кәсіпті қайтсек дамытамыз деген шаруалар жаңа тәртіптер түйткілді түйінді шешуге ықпал етеді деп үміттеніп отыр.