Жітіқара ауданында шаруалар жайылым жерге жарымай отыр
Қостанай облысының Жітіқара ауданында мал азығы жылдан жылға қымбаттап барады. Соңғы үш жылдың ішінде мұнда шөптің құны бір жарым есеге өскен, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Бүгінде Жітіқарада шөптің тоннасы 20 мың мен 30 мың теңге аралығында сатылады. Бағаның бұлай шарықтап кетуіне қуаңшылық себеп.
Мамандардың айтуынша, ауданда бірнеше жыл қатарынан дұрыс жаңбыр жаумай, көк майсаның бас көтеруі көңілдегідей болған жоқ. Қазір бұл мәселені шешу үшін әр ауылдың маңында жайылым, шабындық жерлерді анықтау шаралары жүріп жатыр. Елді мекен айналасындағы 3-5 шақырым аумақ қоғамдық меншікке айналады. Қазір Жітіқара ауданында 20 мыңға жуық ірі қара бар. Соның жартысы жеке сектор иелігінде.
– Бұл шараның жоспары құрылып, алдын ала түсінік жұмыстары жүргізілді. Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің егістік жерлері ауылға жақын болса, мал жайылымы үшін ол тәркіленіп алынады. Ал оған шет жақтан басқа жер телімі беріледі, – деді Жітіқара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дияр Айжаров.