Жезқазғандағы жаңа құс фабрикасы тауық жұмыртқасы тапшылығына қатысты мәселені шешті
Жезқазған қаласында ашылған «Ulytau Kus» құс фабрикасының іске қосылғанынан бері Ұлытау облысында тауық жұмыртқасының тапшылығы жойылды. Болашақта өңірдің құс етіне деген қажеттілігін жабу көзделіп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Тәулігіне 50 мың данаға жуық жұмыртқа. Бүгінгі таңда мұндай өнімділік Ұлытау облысының қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, Ulytau Kus өнімдері Қызылорда облысы мен Түркістан және Шымкент қалаларына экспортталады.
Айта кету керек, бірнеше жыл бұрын Ұлытау облысында осы өнімнің тапшылығы байқалған. Мәселені жергілікті кәсіпкер Ринат Ахтямов шешуге кірісті. Тауық жұмыртқасына деген сұранысты ескере отырып, бизнесмен өз құс фабрикасын іске қосуды ұйғарған. Ол үшін 1 млн доллар несие рәсімдеген. Алайда бұл қаражат оған тек кеңес дәуірінен қалып қойған, қираған иесіз қоймаларды қалпына келтіруге және оған коммуникация тартуға ғана жеткен екен.
Жұмыртқа-ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу жобасы Ұлытау облысының азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі элементіне айналды. Оның іске қосылуы мен дамуы ауыл шаруашылығын өркендетуге, кәсіпкерлерді қолдауға және халықты сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуды жалғастырып келе жатқан жергілікті қала құраушы кәсіпорынның қаржылық қолдауының арқасында мүмкін болды.
«Аталмыш жобаны өз күшімізбен жүзеге асыру мүмкін болмас еді. Бұл ретте «Қазақмыс» корпорациясының зор көмегін атап өткім келеді. 2023 жылы жоба іске асырылып, корпорацияның қолдауының арқасында Ұлытау облысының сөрелеріне экологиялық таза және сапалы өнім жеткізіліп жатыр деп айтуға болады. Компания өңірді тұрақты азық-түлік көзімен және жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, құрылысты аяқтауға және өндірісті іске қосуға қаржы бөлді», – деп атап өтті «Ulytau Kus» ЖК басшысы Ринат Ахтямов.
Бүгінгі таңда 50 мың бас тауықтан күніне 48 мың жұмыртқа өндіріледі.
«Қазіргі таңда бізде күніне 47-48 мың жұмыртқа өндіріледі. Бұл шамамен 95% өнімділікті көрсетеді. Мұның бәрі фабрикамызда барлық процестер автоматтандырылғандықтан және өзіміз құрама жем шығаратындықтан деп ойлаймын. Бұған дейін бізде мұндай жоғары өнімділік болған жоқ. Соңғы 3-4 айда көлем ұлғайды», – дейді «Ulytau Kus» ЖК басшысы Ринат Ахтямов.
Айта кету керек, «Ulytau Kus» жұмыртқаларының сапасы жоғары стандарттарға сай және диеталық болып саналады. Құс фабрикасының басшылығы жұмыртқалайтын тауықтарды ерекше азықпен қамтамасыз ету үшін өз жем цехын іске қосқан.
Құрама жем цехы 2500 м2 аумақта орналасқан. Бұл жерде жұмысшыларға арналған шаруашылық құрылыстар, гараждар және жем цехы орналасқан.
Құстарға арналған азық ресейлік жабдықтарда дайындалады. Құрама жемге арналған ингредиенттер бұрын жергілікті диқандардан сатып алынатын, бірақ өткен жылдан бастап цех иелері көрші өңірлерден бидай және басқа да дәнді-дақылдар сатып ала бастады. Жем құрамы 14 ингредиенттен тұрады. Бұл құрамды еліміздің жетекші зоологтары жұмыртқаның сапасын жақсарту және тауықтардың жұмыртқалауын ұлғайту үшін әзірлеген.
Комбицехтің қуаттылығы сағатына 12 тоннаны құрайды. Алайда, бүгінгі таңда құс фабрикасы үшін өнімділіктің мұндай көлемі тым жоғары. Бірақ жабдықтар болашақта өндіріс көлемін ұлғайтуыды ескере отырып, сатып алынған. Жақын арада құс фабрикасының иелері сою цехын және жергілікті тауық еті өндірісін іске қоспақшы. Кәсіпкердің жоспары бойынша, құс етін өндіретін цех жылына 7300 тонна өнім шығаруы тиіс.