Жетісайда қырыққабат егу басталды
Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары қырыққабат егуді бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Өзге өңірлерге қарағанда көктемі ерте келетін оңтүстікте диқандар орамжапырақтың ерте пісетін «Зарисма» сортының көшетін отырғызуда. 10 жылға жуық уақыт егін егумен айналысатын Есболат Өмірхан биыл 3 гектарға қырыққабаттың 28 мың түп көшетін егуді жоспарлап отыр. Қазір алқап басында 30 адам тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкер жұмысшыларға күнделікті 5 мың теңгеден еңбекақы төлейтінін айтады. Жауын-шашыннан қорғау мақсатында егілген көшеттердің үстін жауып қояды. Шаруа былтыр «Пушма» сортынан 25 мың түп егіп, көрші Ресейге экспорттаған. Биылғы өнім де жақсы болатынына сенімді. Себебі еккен дақылдың бітік шығып, нарықта жоғары бағалануы – әлеуметтің әлеуетінің артуына тікелей әсер етеді. Биыл аудан шаруалары мың гектарға орамжапырақ егуді жоспарлап отыр.
Есполат Өмірхан, шаруа:
-«Зарисма» – орамжапырақтың ерте пісетін сорты. Шыққанына көп болмады. 2-3 жыл болды. Осыған сұраныс жақсы болған соң егіп жатырмыз. Мұндағы 28 мың түптен 1,5 келіден өнім аламыз деп отырмыз. Қазір қырыққабат егіліп жатыр. Ортасындағы арыққа наурызда қауын егіледі. Сонда бір жерден екі өнім алып отырамыз.