«Жер аманаты» – ел аманаты

Қазақстан әлем бойынша жер аумағы жағынан 9-орында орныққан мемлекет. Ал жайылымдық жері жөнінде тіпті 5-орында. Былайша айтқанда, жер көп. Бірақ тура биылға дейін көптеген ауылдық жерлердің айналасында мал жаятын жер жоқ деген мәселемен бетпе-бет жолығып келдік. Бұл – әрине, парадокс. Осы қайшылықты шешу мақсатында бұған дейін де көп жұмыс атқарылғанымен, биыл жазда бұл мәселе Президенттің тапсырмасымен кешенді түрде қолға алынды. Маусым айында «AMANAT» партиясыны жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.

Фото: unsplash.com

Комиссияның миссиясы: қоғамдық жауапкершілік ортақ

Жасыратыны жоқ, елімізде осы уақытқа дейін жерге қатысты небір қитұрқылықтар жаппай сипатта жүзеге асырылып келген екен. Жер дауы өз бастауын тіпті сонау 1990-жылдардың ортасынан алады. Әр лауазымды тұлға қолына тиген бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып, жерді заңды-заңсыз иемденіп кетуден арланбаған. Мәселен, батыста бір әкім бала сына 25 мың гектар жерді беріп жіберген екен. Ал Жамбылда жер басқармасы, ХҚКО-да істейтін жекелеген азаматтар бас-басына 7-12 жер телімінен алып алған. Тіпті біреуі 4 мың гектар жерді иемденіп кеткен. Заңды тұлғалардың тақымына басқан жерлері одан да көп. Кей компаниялар ұсақ шет мемлекеттердің территориясынан да үлкен жер аумағына ие. Әрине, бұлар латифундистер. Қазақстанның шұрайлы жерлеріне ие олигархтар. Тізе берсе, мұндай деректер өте көп. Оларға ортақ бір мәселе – игерілмей бос жатқандығы. Есесіне 150-ге жуық ауылда мал жаятын жер жоқ.

Осы ретте, жаздың алғашқы айында «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Оның мақсаты – пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару. Кейін ауыл тұрғындарының арасында әділ үлестіру. Бұл туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Асхат Оралов:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі. Президенттің қоғамдық тірегі ретінде партия бұл мәселені шешуге атсалысуға кірісіп кетті. Апта басында партия Төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысы, оның ішінде комиссия қызметі туралы да ақпарат берді», – деп жария еткен еді.

Құрылған күннен партия басшылығы комиссия құрамына кіремін деушілер қандай партиядан екеніне қарамастан қабылданатынын бірден мәлім етті. Қоғам алдындағы жауапкершілік – ортақ екендігін алға тартқан партия белсенді азаматтарды жер проблемасын шешуге бірге атсалысуға шақырды. Бұл жұмыстар сонымен қатар Бас Прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей атсалысуымен жүзеге асырылып келеді. Өйткені, министрліктердің қолынан бұл жұмыс келмейді. «AMANAT» партиясы бұл тұста қоғамдық оператордың рөлін өз мойнына алып отыр.

Қайтару механизмі жеңілдей түсуде

Сонымен, іске кіріскеннен бергі екі айға жуық уақытта «Жер аманаты» комиссиясы өнімді жұмыс істеді деуге болады. Мемлекет меншігіне 293,2 мың гектар жайылым жер қайтарылды. Президент тапсырмасына сай, енді жыл соңына дейін 5 млн га жер қайтарылуы тиіс. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің жұмыс тобы атқарып жатқан жұмыстар да осы аяда жүзеге асып жатқандығын, яки «бір терінің пұшпағы» екендігін атай кеткен абзал. 2022 жылғы 28 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, жерлерді қайтару бойынша құрылған жұмыс тобы осы уақытқа дейін 660 мың гектар жерді қайтарып отыр. Ол бойынша 85 іс тіркеліп, жалпы көлемі 305 мың алаңды құраған. Қазір тіркеуде 171 іс жатыр, оның жалпы көлемі 742 мың гектар. Яки, дәл бүгінгі таңда 1 млн 700 мың гектардан аса жерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы жылдар бойы жылыстап кеткен жер телімдерінің бәрін мемлекет меншігіне қайтару оңай шаруа емес. Жер иелері тарапынан қар сылық туындайтыны рас. Оның заңдық механизмін жоғарыда аталған құзырлы органдар реттесе, партияның миссиясы инстанция аралық әкімшілік ресурсын қолдана отырып, қозғау салуға ықпал ету. Мұндай ықпалдың бірі – заңды тетіктерді оңтайландыруда жатыр. Соның арқасында жерді қайтару жеңілдей түсуде.

«Биылғы референдумда Конституцияның 6-бабына енгізілген норма бойынша «Жердің иесі – халық». Сондықтан да ендігі жерде осы Конституциялық принцип жұмыс істеуі керек. Соңғы бес жылдықта болып жатқан наразылық акцияларының дені жерге байланысты. Осы себепті көптеген комиссия құрылып, мен соның мүшелігінде болдым. 2017 жылы «Жер туралы» заң қабылданды. Елді мекендердегі жайылымға сұранысты қанағаттандыру үшін 5-10 шақырымдық радиус белгілеу туралы норма енгізілді. Осы аумақтағы жерлер жекеменшікке берілмесін, кадастр қатаң түрде сақталсын деген шешімдер қабылданды. Ол тек сол уақыттағы шағын ғана реттеушілік шаралар еді. Енді «AMANAT» партиясы бұл мәселемен кешенді түрде айналысуды қолға алды. Шындығын айтқанда, мұндай кең ауқымды көлемде жұмыс жүргізуге қазіргі таңда тек осы партияның ғана мүмкіндігі бар. Өйткені, оның ресурсы жеткілікті, өңірлердің барлығында да филиалдары белсенді жұмыс істеп тұр. Басшылығы, жұмыс концепциясы ауысты. Партия құрамына праймеризден өткен адамдар келді. Олар жұмысты жаңаша жүргізе бастады. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жерді тексеруге мораторийді алып тастауының өзі партияның осы жұмыстарды одан әрі жандандыра түсуі үшін жолын ашып беріп отыр. Бұл әділетті қоғам құрудағы ұмтылысымызды нақтылай түседі. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Әйтсе де, атқарылар жұмыстар әлі де көп», – дейді құқықтанушы Марат Башимов.

Құқықтық мехнизмдердің жетілдіріле түскен тағы бір парасы – биылдан бастап жерді пайдалану жөніндегі қорғау мен бақылау басқармаларының функциялары АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне өткендігі. Осылайша мүдделер қақтығысы мәселесі шешілді, яки, бір қолдан беріп, екінші қолмен тартып алу мәселесі толығымен жойылды деуге болады. Сонымен қатар бұрын жер екі жыл қатарынан пайдаланылмаса, үшінші жылы мемлекетке қайтарылатын норма бар еді. Оның мерзімі екі жылдан бір жылға қысқарды. Жерлерін ұтымсыз пайдаланып жатқан азаматтарға салық мөлшерлемелері 10 есе артық салынатын. Қазір 10 еседен 20 есеге көтерілді. Жекелеген жергілікті атқарушы органдарға «бір қолда 2-ден көп мал болса, оны орман қорына шығаруға рұқсат беру» туралы алгоритм жасалды. Ұйымдасқан шаруа қожалықтарындағы жерлерге елді мекендердің малын кедергісіз жаю бойынша меморандум жолдары ұсынылды. Әйтсе де, республикалық деңгейде заң нормалары қабылданғанымен, жергілікті атқарушы органдар өздерінің міндеттерін тиісті деңгейде атқармай отыр. Оған дәлел – еліміз бойынша 16 млн гектар жайылым жер тапшылығы бар.

Комиссия мүшелері өңірлерде болды

Осы екі ай ішінде комиссия мүшелері еліміздің барлық аумағында болып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың жер туралы проблемаларын өз аузынан естіп, шешімін табуға атсалысты. Мәселен, Алматы қаласына кезекті сапары кезінде «AMANAT» партиясының Хатшысы, комиссия төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстары комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек, Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Артур Платонов, Бекқали Торғаев, Жер ресурстары комитетінің Басқарма басшысы Айдос Абдрахманов заңсыз берілген жер телімдеріне байланысты қала тұрғындарымен кездесті. Жиында Медеу мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, «Горный гигант», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Каменское плато» аумағындағы жер дауы қаралып, соның біреуінің өзінде 4,82 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ал Түркістан облысындағы жайылымдық жерлердің жалпы көлемі – 8 млн 864,7 мың гектар. Түркістан қаласы, Кентау, Мақтаарал және Жетісай аудандарында жайылымдық жерлер мүлдем жоқ. Ал Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Келес, Бәйдібек және Сауран аудандарында ішінара жайылым тапшылығы бар өңірлер. 2022 жылдың аяғына дейін Түркістан облысындағы 400 мың гектар жер қайтарылуы қажет, қазірге дейін 70 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылды, оның 17 мыңы жайылым жерлер.

«Қарағанды, Түркістан облыстарында болып, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына қатыстым. Одан да бөлек Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына да қатысты жер мәселесіне араласып жүрмін. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады. «AMANAT» партиясының бұл бағытта атқарып жатқан жұмысының еліміз үшін маңызы өте зор. Бұл жерде ең негізгі екі мәселе бар. Бірі – пайлық үлестегі жерлердің дауы болса, екіншісі, жайылымдық жерлер жайы. Осы екі мәселені шешу – болашақта біздің еліміздегі саяси ландшафтқа тікелей әсер ететін факторлар болмақ. Сондықтан да партияның алдында тұрған мақсат – осы жер мәселесін әділетті және заң аясында шешуге жан-жақты атсалысу. Қазір қарап отырсақ, көптеген облыстарда бұл мәселе біртіндеп шешіліп келе жатыр. Бірақ, қарқынды әлі де болса үдете түсу керек және жылдың аяғына дейін халық әділеттілік принципі орнағанын оны сезінетіндей үдеде қоғамдық сана қалыптастыру қажет.

Латифундистерге жол бермеудегі ең бірінші тәсіл, ол – ашықтық. Болашақта болатын жер бөлу жөніндегі комиссиялардың жұмысы ашық жүргізілуі керек. Оған қоғам өкілдері, ақпарат құралдары міндетті түрде қатысуы керек. Сол кезде ғана қазақстандықтардың жер ресурстарына қолжетімділігі, оны күтіп-баптауы, тиісінше өнім алуы жоғары дәрежеде жүргізілмек», – дейді Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров.

Депутаттың айтуынша, кейбір жерлер банктерге кепілге қойылып кеткен. Ал банктер ол жерлердің кейбірін сатып жіберген. Міне, осылар, бүгінгі таңда шешімін таппай тұрған үлкен мәселелер. Оны шешу үшін қазіргі таңда облыстық әкімдіктермен, ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп көптеген шаралар жасалып жатыр. Болашақта мұндай мәселе тағы да туындамауы үшін ол жақтағы заңнамаларға да өзгерістер енгізу қажет. Тағы бір мәселе, жер телімдері туралы ақпараттардың жария болмауына жергілікті әкімдіктердің, әсіресе, аудан әкімдерінің мүдделі болып отырғандығы. Өйткені, миллиондаған гектар жердің артында ірі латифундистер, қызметін қара басы үшін қолданған әкімдер мен олигополия тұр. Олар тіпті комиссия жұмысына кедергі келтіруге тырысатынын жоққа шығаруға болмайды.

Түйіндей келгенде, «Жер аманаты» комиссиясының алғашқы қадамы жаман емес. Әйтсе де, жер мәселесі ол бір ғана партияның емес, ол жалпы қазақтың мәселесі. Ендеше, көбе сөгілді, сең қозғалды. Жер дегеніміз жапан дала, тау мен тас емес, ұқсата білгенге пайданың көзі. Сондықтан да «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғаса бермек.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы