Жаңа кодекс, су қоймалар салу, канал тарту – Су шаруашылығы саласы түбегейлі жаңғыртылып жатыр
Елімізде су шаруашылығы саласын басқару түбегейлі жаңғыртылып жатыр. Бұл туралы ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

– Қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда су шаруашылығы саласын ауқымды түрде қайта құру жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі бағыттарының бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғырту. Алдағы уақытта жаңадан 42 су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылымды реконструкциялау, сондай-ақ шамамен 14 мың км суару арнасын салу және қайта жаңғырту жұмысы жоспарланған, – деді ол «Су ресурстарын сақтау және су жүйелерін орнықты басқару: Жаһандық бастамалардағы Қазақстан рөлі» атты халықаралық конференцияда.
Сондай-ақ спикер су шаруашылығы саласындағы ауқымды жобалар туралы айтты.
– Су ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін жаңа Су кодексін әзірледік, ол ҚР Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымнан өтті. 2024-2030 жылдарға арналған ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын және 2024-2028 жылдарға арналған Қазақстанның су саласын дамытудың кешенді жоспарын бекіттік. Сондай-ақ экономиканың барлық саласында суды үнемдеу бойынша жол картасын жасадық, – деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Ислам даму банкі қаржысына елімізде 9 жаңа су қоймасы салынатынын жазған едік.