Жамбыл облысында қағазда бар, қолда жоқ 4 мың техника анықталды
Елімізде ескі техника 5,5 пайызға жаңарып отыруы керек.
Шенеуніктер санда бар, бірақ санатта жоқ 4 мың техниканы тек қағаз жүзінде қолданып келген. Ал қарапайым диқандар гектар-гектар алқапқа еккен өнімді қолмен жинап әлек. Жылдар бойы жоқ техникамен егістік көлемін арттырып көрсеткен өңір басшылары жоқ жерден субсидия алып келген, деп хабарлайды 31-арнаның “Информбюро” ақпараттық бағдарламасы.
“Өте қымбат. Кемі 90-100 млн теңге. Оны біз ала алмаймыз. “ҚазАгроҚаржы” арқылы алатын болсақ, оның бағасы қайтадан соншама бағаға өсіп кетеді. 7 жылдың ішінде біз оны төлей алмаймыз. Төлегеннің өзінде де жыл сайын түскен пайданы үстемақысына төлеп отырамыз”, – деді шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев.
Бұл салаға жауаптылар техника тасымалдаушылар қолдан қымбатшылық жасайтынын айтады. Мемлекеттен қаржы бөліне қалса компаниялар бағаны көтеріп жібереді дейді. Есесіне ескі техниканы есептен шығарудың ебін тапқан аудан әкімдері қолда жоқ техниканы бар деп келген. Осылайша әкімдердің жылдағы есебі ертегі болып шыққан деп отыр басқарма өкілдері.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында негізгі капиталға 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылған
“9600 техниканың 4 мың техникасы мүлдем жоқ. Аты бар, заты жоқ. Иесі жоқ, не техниканың өзі жоқ. Фермерлер де жанайқайын жеткізді. Субсидияны естіп біздің техника жеткізушілер 30-40 пайызға дейін шарықтатып жіберген кездер де болған. Қазір тиісті мүдделі органдарға техниканың бағасын тұрақтандыру, бағасын тиісті деңгейде ұстап тұру туралы тапсырма берілді”, – деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев.
Елімізде ескі техника 5,5 пайызға жаңарып отыру керек. Бірақ Жамбылда бұл талап тек қағаз жүзінде орындалып келген. Ақыры алдаудың амалын тапқан атқамінерлер тізімде жоқ техника есебін еселеп көрсету арқылы игерілген жер мен алынған өнім көрсеткіштері бір-біріне сай болғанын қалаған. Сөйтіп техниканы түгендеуден басталған тексерістен кейін егістік алқаптарының да есебі шыққан.
Дереккөзі: Informburo.kz