Жамбыл облысында егін егу науқаны басталды
Жамбыл облысында егін егу науқаны басталды. Диқандар жер жыртуды қыс мезгілінде бастап, қазір дән сеуіп жатыр. Шаруалар мұндай қадамға су тапшылығынан баруға мәжбүр. Былтыр қуаңшылықтан шығынға батқан шаруаларға бұл сабақ болған. Қазір облыстағы су қоймалары мен тоғандарды көктемгі еріген сумен толтырып алу көзделіп отыр. Бұл жұмыстарға алғашқылардың бірі болып Талас ауданы кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Гауһарбек Шонтаев былтыр 50 гектардай арпа егіп қуаңшылықтан егіні күйіп кеткен. Шаруа соған қарамастан биыл да дән сеуіп, өнімнен үміттеніп отыр. Ақпанда жер жыртып жердегі ылғалды пайдаланып қалмақ.
Гауһарбек Шонтаев, шаруа:
– Жауын болмай тұр. Жерде қар жоқ. Мына влаганы пайдаланып қалу керек. Осыған егіп үлгерсек көктемнің бірінші жауынына ілініп кетсе онда өніп шығады ол. Содан кейін қалған жауындармен шыға ма деп отырмыз. Биыл су жоқ. Қуаңшылық болып жатыр былтырдан бері. Биыл да сондай болып тұр. Каналда су аз. Келмей жатыр. Берілмей жатыр. Жоқ. Асада сәл табанында шылжырап ағып жатыр. Жылда тасып Ақкөлге құйылып жататын.
Былтырғы қуаңшылық диқандардың тірлігін тежеп, біразы шығынға батты. Салдарынан мал азығы шарықтап кетті. Енді биыл ауа райының қолайлы тұсын пайдаланып қалу үшін жұрт жанталасып жатыр.
Нұржан Шапазилов, шаруа:
– Өнім алмасақ та егіп жатырмыз. Қорықпайсыздар ма? Егін ала алмай қаламыз, шығынға батамыз деп? Шығынсыз болмайды ғой. Шығынға батсақ та жауын-шашын болса суымыз болса өнім аламыз.
Талас ауданы бойынша 21 мыңнан астам суармалы алқап болса, биыл оның 14 мың гектарына егін егілмек. Оған су жеткізу үшін мамандар әуіттер мен тоғандарды суға толтырып алуға тырысып жатыр. Суды үнемдеу үшін арнайы кесте жасалды. Аудандағы 55 канал тазартылып, диқандар арық-атыздарды асарлатып тазартуға көшкен.
Медет Үстенов, Талас ауданы әкімінің орынбасары:
– Талас ауданы бойынша 19 су қоймасы бар. Қазіргі таңда 18 су қоймада 50 процентке суды құйып үлгірдік. Өңір басшысының осы су тапшылығын жою мақсатында көл-тоғандарды дер кезінде толтырып алу тапсырылған. Марттың 15-іне дейін 100 процентке жеткізу жоспарымыз бар. Бұл жерде Ақкөл қиындық туғызып отыр. Не қиындық туғызып отыр? Ылғал түспеуіне байланысты судың көлемі аз келіп жатыр.
Аймақта су тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп отыр. Жауын-шашын болмаса биылғы жыл ауыл шаруашылығына тағы бір сынақ болмақ. Жалпы Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын 741 мың гектардан астам жерге себу жоспарда.