Жайылым жерлер ортақ қолданыста болады
Жер қатынастары саласында орын алатын өзгерістер төрт түлігін түлеткен ауыл-аймақ тұрғындары үшін жайлы жағдай жасамақ, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жер қатынастарын реттеу мақсатында құрылған республикалық Жер реформасы комиссиясының ұсынысымен еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілді. Мұндағы мақсат – ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, қайта бөлу, ауыл-аймақ тұрғындарын жайылымдармен қамтамасыз ету, сонымен қатар жер қатынастарын цифрландыру арқылы жер телімдерін қарапайым халыққа қолжетімді әрі ашық ету. Осы және басқа да мәселелер бойынша ақпарат берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова биылғы 31 желтоқсанда ауыл шаруашылығы жерлерін ел азаматтарына, шетелдіктерге жекеменшікке беруге байланысты жарияланған мораторийдің аяқталатынын да атап өтті.
Орталықтан басқарылатын болады
Басқарма басшысының айтуынша, бірнеше жыл бұрын арнайы құрылған республикалық жер комиссиясы көптеген мәселелерді қарастырған екен. Аталмыш комиссияның өткізген бес отырысының нәтижесінде Жер туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Мысалы, басты өзгерістердің бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұзақ мерзімге жалға беру институтын сақтау және механизмдерін жетілдіруге бағытталды.
Жер телімдерін жекеменшікке беруге қолданыстағы заңнамамен тыйым салынған. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 98 пайыздан астамы жалға берілген, сол себепті жер телімдері нарығының жоқтығы, оларды сату, айырбастау және сыйға беру сияқты жұмыстардың жүргізілмеуі инвестициялық тартымдылықты азайтып, ауыл шаруашылығы саласының дамуын тежеп отыр. Осыған орай жаңа заңнамалық құжат аталған шектеулерді алып, келісімдерді қайта жандандырып, жер телімдерін беру үрдісін электронды форматқа көшіруді, сондай-ақ жерді ұтымды пайдаланудағы жер иесінің міндеттерін анықтауды көздейді, – дейді Виктория Барсукова.
Оның айтуынша, 1990-шы жылдардағы бірінші Жер реформасы кезінде ел азаматтарына үлес құқығы арқылы берілген жерлерді сатып алу немесе жалға алу келісімшарттарын жер иесінің жазбаша келісімі арқылы жасауға рұқсат етілетін көрінеді. Сондай-ақ жер телімін кепілге қою да жер иесінің нотариус арқылы расталған келісімімен жүзеге асырылмақ.
Жаңа заңнамалық құжатпен аталған жұмыстарды қадағалау құзыретін жер ресурстарын бақылаумен айналысқаны орталық органға беру көзделген. Бұған дейін аталмыш құзыреттіліктің әкімдіктерге берілуі өзінің тиімсіздігін көрсеткен. Салдарынан, жүргізілетін тексерулердің саны мен сапасы төмендеген. Бұған өз кезегінде 2019 жылы жарияланған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қойылған мораторий де өз әсерін тигізді.
– Ал жаңа заңда мұның барлығына рұқсат беріледі. Жердің сапасын және оның тиімді пайдалануын бақылау мақсатында топырақ қабатына және геоботаникалық зерттеулер жүргізетін барлық зертханаларды, агрохимиялық қызметті Жер ресурстарын басқару комитетінің құзыретіне беру шешілген. Бұл өз кезегінде жұмыстарды егжей-тегжейлі ұйымдастыруға, бақылауға алуға, ауыл шаруашылығы жерлерінің қалай қолданылып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Виктория Барсукова.
Мақсатын өзгертуге тыйым салады
Жер туралы заңнамаға енгізілуі көзделген тағы бір түзету – бақша немесе саяжай ретіндегі ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылу мақсатын өзгертуге тыйым салу. Біздің өңірде кездеспегенімен, мұндай әрекеттер Алматы қаласының маңында көптеп орын алған, яғни ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылу мақсатын өзгертіп алған тұрғындар қала іргесінде заңсыз құрылыс жүргізудің көрсеткішін арттырған. Нәтижесінде елді мекен мәртебесі жоқ аумақтар пайда болып, ақыр соңында әлеуметтік мәселелерге әкеп соқтырғаны белгілі.
Сондай-ақ заңнамалық толықтырулар арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың егіс мақсатына арналған жер теліміне құрылыс салуға да тыйым салынбақ. Ол үшін сәйкестендіру құжатына оның егіске арналған немесе үй іргесіндегі жер екені туралы деректер енгізілетін болады, яғни үй іргесіндегі жер болса, онда тұрғын үй мен түрлі шаруашылық құрылыстарын жүргізуге рұқсат етіліп, ал егістік жер болса, онда тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жұмыстарды жүргізуге ғана рұқсат беріледі.
Қолданылмай жатқан немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жер телімдерін анықтаудың және қайтарудың тетіктері жетілдіреді. Сонымен қатар жер комиссиясы шешімдеріне шағым түсіру үрдісі өзгереді. Атап айтсақ, жеке немесе заңды тұлғаға комиссия шешіміне келіспейтіндігі жөніндегі шағым түсіруге жеті күн уақыт беріледі. Бүгінде бұл мәселе сот арқылы ғана жүзеге асырылып келе жатқан жайы бар. Көп жағдайда жер комиссиясының шешімі іске асып, қаулы шығарылып қойған соң соттар азаматтардың арыз-шағымдарын қанағаттандырмай қоятыны рас, – дейді Виктория Барсукова.
Естеріңізге салсақ, биылғы 13 мамырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдіктермен байланысы бар заңды тұлғаларға, халықаралық ұйымдарға, шетелдік қатысушысы бар ғылыми орталықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшік және қолдану құқығына беруге тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Аталмыш заңмен бұрын Қазақстан азаматы болып, кейін азаматтығын ауыстырған тұлғалардың қожалық немесе фермерлік шаруашылықтарын, жеке қосалқы шаруашылығын, орман өсіру, бақша отырғызу және саяжай құрылысын жүргізу мақсатында алған ауыл шаруашылығы жерлерін Жер кодексінің 66-бабы бойынша қайтару мәселесі нақтыланды. Басқарма басшысы бұл бап осыған дейін де болғанымен, оның талаптарын ешкім орындап келмегенін айтады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдік қатысушы кірген кезде де оған тиесілі жер телімдері заңнамалық тәртіпте алынып қоятын болады.
Жайылымдық жермен қамтылады
Бүгінгі күннің тағы бір маңызды мәселесі – ауыл-аймақ тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамту мәселесі. Бұл міндет ел Президенті тарапынан қаңтар айында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында да қойылған еді. Осыған орай шығысқазақстандық жер қатынастарын реттеуші органдар тарапынан қажетті талдаулар жүргізіліп, ауылдық елді мекендер тұрғындарының жайылымдық жерлерге деген сұраныс деңгейі анықталды. Кеңестік кезеңде мұндай жерлер әр ауылдың маңында болған еді. Алайда 1990-шы жылдары олардың барлығы қайта бөлініп, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге таратылып берілген болатын. Алдағы уақытта аталған аумақтар қайта қарастырылып, елді мекеннің қажеттілігіне қарай радиусы белгіленеді. Осылайша, әкімдіктің бірлескен қаулысы мен мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, ондай жерлер ешкімге жалға, я болмаса жекеменшігіне берілмей, ортақ қолданыста болмақ.
Әкімдік отырысында мен осы мәселеге байланысты дайындалған бағдарламаны таныстырып, жыл соңына дейін осы бағыттағы жұмыстарды жүргізіп, соңына жеткізетін боламыз, – дейді Виктория Барсукова.
Деректер қолжетімді болады
Алдағы уақытта болатын заңнамалық өзгерістердің тағы бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін иеленушілердің жеке деректерінің қолжетімді болуы. Бұған дейін аталмыш мәселе төңірегінде көптеген пікірталастар туындап, ақыр соңында Үкімет қолдаған жоба Парламент депутаттарының қарауына жолданды. Енді жаңа норма бойынша жерді жалға алған тұлға туралы ақпарат көпшіліктің назарында тұратын болады. Бұл, бір жағынан, аталмыш бағыттағы мемлекеттік бақылауды күшейтпек, өйткені бүгінгі күні көптеген жасырын жалға берушілік, жасырын келісімшарттар жасалатындықтан жердің нақты иесін табу өте қиынға соғып жатады. Аталған норма енгізілген соң жерді заңсыз сатып, пайда табу мәселесі жоғалатын болады.
Заңға енгізілетін келесі жаңашылдық инвестициялық жобаның мәртебесін анықтау туралы норма болмақ. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жерді конкурссыз беру бағытындағы норма бар болғанымен, оның инвестициялық жоба екенін анықтау туралы норма жоқ көрінеді. Сол себепті жобаның инвестициялық па, емес пе екенін анықтайтын норма ауадай қажет.
2018 жылдан бері облыста елді мекендердің, аудан орталықтарының, қалалардың жер телімдері, толық жайғастыру жобалары, бас жобалары енгізілген геожоспар порталы жұмыс істеп тұр. Биылдан бастап оған өңіріміздің туристік аймақтары, дамушы елді мекендері туралы ақпараттарды енгіземіз. Сондай-ақ өткен жылдан бастап Шығыс өңірінде жер телімдерін ғарыштық мониторингтеудің пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Қазіргі уақытта бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Атап айтсақ, аталмыш жүйе арқылы пайдаланылмай жатқан жерлерді бармай анықтау мүмкін болып, жер иесінің жеке кабинетіне электронды форматта ескерту жіберуге жағдай жасалды. Қазіргі уақытта облысымыздағы барлық ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылар «Qoldau» жүйесіне тіркелген. Сол себепті әр жер иесі аталмыш жүйедегі жеке кабинетіне кіріп, өзіне қатысты қандайда бір келіспеушіліктің бар-жоғын ара-тұра тексеріп отырулары қажет, – деп қосты Виктория Барсукова.