«Зеренді» мал шаруашылығы: Табиғи сапалы сүт өнімдеріне сұраныс артып келеді
Ақмола облысындағы «Зеренді» асыл тұқымды мал шаруашылығы» ЖШС-де жылына 350 тонна ешкі сүті өндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Зеренді» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы 2016 жылы Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында құрылды. Бүгінгі таңда бұл елдегі ең ірі, ең жақсы генетикалық малдары бар ешкі фермасы саналады. Алғаш құрылған кезде фермаға Нидерландыдан заанен тұқымды үш жүзден астам ешкі сатып алынды. Бүгінде ешкі саны мыңнан асады, оның 700-і сауылады. Заманауи жабдықтардың арқасында ферманың сүт зауытында толық циклімен жылына 350 тонна сүт өңделеді. Бұл өз кезегінде табиғи қатты және жұмсақ ірімшіктер, сүзбе, йогурт, классикалық айран тәрізді ешік сүті өнімдерінің 42 түрін шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
«Біздің ішкі нарықты дамыту үшін де, сыртқы нарыққа шығу үшін де әлеуетіміз жоғары. Ешкі сүтінен жасалған өнімдер үлкен экспорттық әлеуетке ие», – дейді серіктестік басшысы Ермек Ұлықбанов.
Оның айтуынша, сауу процесі толығымен автоматтандырылған, байланыссыз италиялық жабдық орнатылған. Технологияға сәйкес ешкінің желіні сауу алдында және одан кейін мұқият өңделеді.
«Қандай өнімдерге басымдық берілетінін нарықтың өзі анықтайды, – деп жалғастырады серіктестік басшысы.
«Яғни, тұтынушылық сұраныс ұсынысқа әсер етеді, қай өнімге сұраныс жоғары сол өнімге басымдық береміз. Өнім желісіндегі ең қиын нәрсе-ірімшік. Біз жабдықтар сатып алған италиялық компанияның ірімшік жасауда жүздеген жылғы тәжірибесі бар, олардан біздің мамандар үйреніп келді. Әлі күнге дейін рецепт пен технология жетілдірілуде. Бұл процесс бір уақытта тоқтатылуы екіталай. Сіз өте жақсы ірімшік жасай аласыз, ол қымбатқа түседі, ал адамдар арзан өнімді сатып алуға тырысады. Ал ірімшік, егер ол сапалы және сүттен жасалған болса, арзан болмайды. Сондықтан, біз ең бірінші тұтынушының сұранысына жұмыс істеуге тарысамыз».
Шаруашылық басшысы атап өткендей, дайын өнім алдымен Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысына, одан қалды еліміздің өзге өңірлеріне саудаға шығарылады. Сонымен бірге, елімізден тыс шет елдерден де сұраныс түсуде. Өйткені, ешкі сүтін пайдалану бүгінде шет елде гастрономия мен диетологиядағы ең бір сұранысты бағыт болып табылады. Алайда, кәсіпорынның маркетинг саясатының басты ұстанымы ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру.
Тауарлы-сүт фермасының 2021 жылы толық өндірістік қуатына шығуы жоспарланған. Сонымен бірге, төл басын 5 мыңға жеткізу межеленіп отыр. Ферма басшылығы мұнымен шектеліп қалмайды, келешекте елімізде ешкі шаруашылығын дамыту үшін отандық фермерлерге ешкі төлін сату жоспарларында бар.
Диетологтар ешкі сүтінің емдік қасиеттері бар екенін дәлелдеді, әсіресе, оның асқазан-ішек жолдарының жұмысын қалыпқа келтіруге, гемоглобинді арттыруға, көру қабілетін жақсартуға, диатез кезінде бактерицидтік қасиетке ие.
Ешкі сүтінің құрамында кальций, минералдар мен дәрумендердің көп мөлшері бар. Бұл пребиотик болып табылады, яғни асқазан-ішек жолдарын жақсы сақтауға көмектеседі, ішекте пайдалы бактериялардың көбеюіне көмектеседі, сонымен қатар зиянды бактериялардың артуына қарсы тұрады. Осындай қасиеттеріне қарай ешкі сүтін емшек сүтімен алмастыруға немесе қосымша тағам ретінде пайдалануға болады.