Түрік кәсіпкерлері Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісіне инвестиция салмақ
Антальяда «Болашаққа арналған тұқым» халықаралық бизнес-форумы өтті. Шараны Түркия Республикасының Тұқым өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек бастаған қазақстандық делегация қатысып қайтты.
Вице-министр форумда Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, ол түрік әріптестеріне Қазақстанда бастапқы тұқым шаруашылығын бірлесіп дамыту қажеттілігі туралы айта отырып, еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салуға шақырды.
Форумға қатысушылар ҚР Үкіметі тарапынан белсенді жүргізіліп отырған мемлекеттік қолдау шараларына қызығушылық танытты.
Панельдік пікірталас қорытындысы бойынша, Қазақстанда түрік кәсіпкерлері үшін бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары ретінде көкөніс өндіру, бау-бақша өсіру, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын өндіру, жемістер мен көкөністерді өңдеу, қант, кондитерлік өнімдер өндіру, сондай-ақ қант қызылшасын, жемістер мен көкөністерді терең өңдеу өнімдерін өндіру болып көрінетіні айтылды.
Сондай-ақ форум қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым өндірушілерімен бірге бірнеше кездесулер өтті. Соның нәтижесінде мақта шаруашылығы, майлы дақылдар өндірісі саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ жас ғалым селекционерлердің тағылымдамалары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.