Тың құжатқа үміт көп
Шаруалардың ұсақтығы, өткізу нарығына қолжетімділіктің төмендігі тың құжатты әзірлеуге итермеледі. 5 заңды біріктіретін бірыңғай «Ауылшаруашылық кооперация туралы» заң жобасы таныстырылды. Атқамінерлер орта әрі ұсақ тауар өндірушілердің жұдырықтай қимылдауға қызығушылықтары артатынына сенімді.
Кооперация – аяққа нық тұрудың амалы
Бүгінде аграрлық салада 7 мыңға жуық ірі агроқұрылымдар, 184 мың ауылшаруашылық тауар өндірушілер және 2 миллиондай адам тер төгіп, нәпақаларын айыруда. Қалтасы қалың ірі шаруаларға қарағанда орта, шағын қожалықтардың қарасы қалың. Ішкі нарықтағы ауылшаруашылық өнімнің жартысынан астамы соңғы топтың еншісіне тиесілі. Тек айналымдағы қ аржының тапшылығынан олар үшін кәсіпті дөңгелетудің өзі мұң. Кепіл бойынша талаптың үдесінен шыға алмай, көбіне-көп мемлекеттің бағдарламалардың шарапатынан қалыс қалады. Салдарынан ұсақ шаруалар арасында әбден тозығы жеткен техниканың «қызығынан» құтыла алмай жүргендер аз емес. Олар үшін ғылымның соны жетістіктеріне иек арту да арманға айналған. Тығырықтан шығудың амалы – кооперацияларға тіреледі. Сала мамандары осылайша бәсекелестікке серпін беруді, ұсақ шаруашылықтарға аяққа нық тұруға қолғабыс етуді діттеп отыр.
– Соңғы 20 жылда агроөнеркәсіптік өндірістің көлемі 2 есе, мал басы 1,5 есе құлдилады. Егер бұрын жалпы ішкі өнімдегі ауылшаруашылық тауарды өндіру көлемі 39 пайызды құраса, бүгінде бар-жоғы 5-6 пайыз шамасында. Жыл санап азық- түлік қауіпсіздігін нығайту мәселесінің көкейкестілігі артып отыр. Бұл бағытта әуелі ауылшаруашылығының тиімділігін арттырған ләзім. Алайда орта және ұсақ шаруашылықтар агротехникалық мәдениетті жоғары деңгейде сақтай алмайды. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сәйкес шағын қожалықтар кооперация құрып, бірлесе кәсіптерін өркендете алады, – деп тергіштеді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғани Қалиев.
Кедергілер жойылады
Соңғы 14 жылдың ішінде еліміздегі аграрлық кооперативтер 2 есе кеміген. Бүгінде олардың саны 2638- ді құрайды. Оның ішінде өндірістік кооперативтердің үлесі 1448, ауылдық тұтыну кооперативтері 844, суды пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері 366. Жұмыла қимылдайтындардың тең жартысы еліміздің оңтүстік өңірінде шоғырланған. Алайда әлі де шаруалар бірігуге ынтық емес. Еліміздің аграрлық саласында күнелтетіндердің бар-жоғы 1,33 пайызы ғана кооперацияларға қадам басқан. Бұл ретте жыл басында Елбасы «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» тың заң жобасын әзірлеуді тапсырғанды. Құжатты түзу жолында атқамінерлер ақпан айынан бері тынбай тер төккен. Олар аграрлық кооперацияның дамуын тежейтін, тауар өндірушілердің қытығына тиген тосқауылдарға балта шабуға тырысқан. Нәтижесінде соны құжатта ауылшаруашылық кооперативтерін екі топқа бөлу ұсынылып отыр. «Біріншісі горизонталды бірігу саналатын ауылдық өндірістік кооперативтер. Оның аясында шаруалар жерлерін, мүліктерін біріктіріп, өздері сол жерде еңбектеніп, заманауи техника мен технологияны кәдеге жаратып, ауылшаруашылық тауарды өндіреді. Екіншісі ауылдық қызмет көрсетуші кооперативтер деп аталады. Олар ауылшаруашылық өнімін өндіру, өңдеу, малды сою, тауарды сату, сақтау бағытында тер төгеді. Жаңа заң жобасына сәйкес аталмыш қызмет көрсетуші кооперациялар коммерциялық ұйым ретінде қызмет етуі тиіс», – деп сабақтады сөзін Ғани Қалиев.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аграрлық кооперативтер коммерциялық емес ұйым ретінде ғана құрылады. Сәйкесінше кіріс бастапқы тауар өн дірушілердің қалтасына бұйырмайды. Себебі кооперацияның кенелген табысты өз қатысушылары арасында бөлуге құқығы жоқ. Бұл өз кезегінде шаруалардың кооперацияға деген сенімділігін жояды, бірігуге талпыныстарын су сепкендй басады. Оны ескерген мамандар тың құжатта кооперативтердің коммерциялық ұйым үлгісінде құрылатынын қарастырған.
Күдік сейіліп, сенім артпақ
2013 жылғы мәліметтерге сүйенсек, мал шаруашылығы өнімінің 75 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал 25 пайызын ұйымдасқан қожалықтар өндірген. Мамандардың байламынша, шаруашылықтардың дәл осы түрінде көбіне көлеңкелі экономиканың белгілері байқалады.
Кооперативтерге жан бітсе, мәселе де күн тәртібінен алынады.
– Жеке қосалқы шаруашылықтар, шаруа және фермерлік қожалықтар, заңды тұлғалар аграрлық кооперативке біріксе, тауар өндірушілер мен сауда желілерінің ықпалдасуына негіз пайда болады. Осылайша ауыл шаруашылығында экономикалық қызмет қалыптасады. Жаңа заң жобасына сәйкес кооперативтер ревизиялық одақтарға міндетті түрде мүше атануы тиіс. Осылайша қызметтің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету көзделген. Еш шектеусіз арнайы салық тәртібін оңтайландыру көзделіп отыр. Бұл кооперативтердің дамуына серпін беретіні сөзсіз, – деп мәселенің жай-жапсарын ҚР АШМ Стратегия департаментінің директоры Серік Ыбыраев баяндады.
Нормативтік-құқықтық нормалардың тым көптігі де еліміздегі кооперацияның өркендеуіне тосқауыл. Қазіргі таңда олардың жұмысы 5 құжатпен реттеледі. «Тұтыну кооперативі туралы» ҚР Заңы, «Өндiрiстiк кооператив туралы» ҚР Заңы, «Селолық тұтыну кооперациясы туралы» ҚР Заңы, «Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы» ҚР Заңы, «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi туралы» ҚР Заңы. Олардың орнына енді бірыңғай бір заң өмірге жолдама алады деп күтілуде. Жоспар бойынша «Ауылшаруашылық кооперациялар туралы» заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе құжат жыл соңына дейін мақұлданып, күшіне енбек.
Венера Мұстафина