Техниканың тозығы жетті: Райымбекте көктемгі егу жұмыстары кешігіп жатыр
Алматы облысы Райымбек ауданы тұрғындары облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевпен кездесу кезінде сұрақты төтесінен қойды. Айтуларынша, былтырдан бері қордаланып, шешілмей келе жатқан техниканың тозуы проблемасы салдарынан биыл өңірде көктемгі егу жұмыстары кешігуде. Бұл мәселені әкімге былтырғы кездесуде де айтқанбыз деген тұрғындар кезекті рет наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.
Райымбек ауданы Ұзақ ауылының тұрғыны Ержан Молдахметов облыс басшысымен кездесуге бірінші рет келіп отырған жоқ. Былтыр жазда болған кездесуде ол ауылшаруашылық техниканың тозығы жеткенін айтып, әкімнен көмек сұраған. Бұл туралы ол жиында айтты.
«Былтыр жазда келген кездесуде уәде бердіңіз. Ескі техникамен жұмыс істеп отырмыз деп алтыншы сервистік орталығын сұраған едік. Жетісу облыстық СПК-мен жұмыс істейсіңдер деп тапсырма берген едіңіз. Бір жылдан бері «ақ болды, көк болды» деп мәселе шешілмеді. Күте-күте сарғайдық. Биыл қаңтардың төртінен бастап мәселе қайта қозғалды, енді егін мәселесінен кешігіп жатырмыз. Халықтың ал ауқатын жаңартатын, тұрақтандыратын осы егін. Ал біз техника мәселесін шеше алмай отырмыз (…). Осы мәселеге тікелей сіздің берген өз уәдеңізді орындасаңыз. Қағазбастылық өте қиын дүние болды. Бәрін жасадық, бірақ Талдықорған, Қонаев, Нарынқол арасында футбол ойнадық, ісімізді жүргізетін юристердің барлығы орыстілді мамандар, қазақ тілінде осындай ауыл шаруашылығы мамандарды дайындауды қолға алсаңыз, бізден кейінгілер осы мәселеге тап болмаса екен. Құжаттарды екі-үші күн бұрын тапсырдық. Бірақ көктемгі егістігімізге жұмысымызға кешігіп жатырмыз», – дейді Молдахметов.
Жарты жыл бұрын тұрғындарға бұл мәселені облыстық «Жетісу» ӘКК арқылы шешуге уәде бергенін растағанымен, құжат дұрыс тапсырылмай, қаражат бөлінбейтінін еске салды.
«СЗЦ – деген техника. Техниканы арзан қаржыландыру. СПК-дан сұрап отырғанымыз, қаражатқа тіреліп отыр. Бірақ футбол футболымен, бірақ құжатсыз ештеңе болмайды, ақшаны да ешкім құжатсыз бөле алмайды. Құжат қашан дайын болады, сонда болады. Кәсіпкерлікті дамыту басқармалардың телефондарын алыңыз да, солармен бірге жұмыс істеңіз. Өтініш беру құжат берушінің өз мойнында, ол үшін ешкім ештеңе істемейді. Мамандар бойынша расымен тапшылық бар. Райымбек ауданына биыл, міне 30 студент келді. Олар сақманға қатысып, жұмысын жасауда, ары қарай да жұмыс жасайды. Биыл мұндай студенттер көп жылдан бері алғаш рет келіп отыр. Былтыр облыстан 100-ден астам грант бөлдік. Көбісін аграрлық медициналық, педагогикалық универститеттерге бердік. Солай өзіміз маман дайындамасақ, сырттан ешкім келмейді. Ал манағы мәселе бойынша, құжатты дұрыс емес дайындайсыз да, менен шешуді талап етесіз», – деді ол.
Сонымен бірге, аудан кәсіпкерлері жанар-жағармайдың қымбаттауы мәселесін де көтерді. Олар бұл қымбатшылық халықтың қалтасына соққы бере ме деп қорқады. Ал облыс басшысының айтуынша, халықты, оның ішінде ауылшаруашылық өкілдерін қолдау үшін мемлекеттен арнайы субсидия берілмек.
«Арзандатылған жанар-жағармай бойынша 230 теңгеден шаруашылықтарға жеткізу жұмыстары басталды, біраз ауыл ала бастады. Қымбаттаған соң, көктемгі дала жұмыстары тұрып қалмас үшін, қаншаға қымбаттаса, сол қымбаттаған құнын, яғни 80-90 теңгені жергілікті бюджеттен субсидия жасаймыз, бірақ тек қана қожалықтарға ғана, алыпсатарларға ондай жеңілдік жоқ», – деп жауап берді шенеунік.