Техника құны шарықтауы ықтимал
Кәдеге жаратылатын заманауи құрал-жабдықтар мен техника дәнді ысырапсыз қамбаға құюға қолғабыс етеді. Диқандар қауымы заманауи техниканың артықшылықтарын түсінгенімен, көрпелеріне қарай көсілуге тура келеді. Бүгінде құрылғы атаулының бағасы күйіп тұр. Шаруасын дөңгелетуге бекінген диқандарды демеу үшін ел қазынасынан демеу- қаржы бөлінеді. Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары да өмірге жолдама алған. Алайда көрпесіне қарай көсілген тауар өндірушілердің кейбірі әлі де жаңа техниканы армандауда. Бұл ретте «Қазақстанда шығарылған» белгісі таңылған ауылшаруашылық техниканы құрастырушылар бағаның қымбаттайтынын алға тартуда. Бұл туралы сұхбат барысында «Ростсельмаш» сервистік орталығы Қостанай облысындағы сауда-саттық бойынша өңірлік менеджер Бақтияр Есмұханов мәлімдеді.
– Бақтияр Серікұлы, биылғы жылы қазақстандық шаруалар сыртқа ат арылтпай, елімізде құрастырылған комбайн- дарды сатып алу мүмкіндігін иеленді. Межеленген жоспар қаншалықты орындалды?
– Биыл Көкшетау қаласында 250-ге жуық комбайн құрастырылды. Олардың әрқайсысы өз иесін тапты. Бірақ оның өзі аздық етіп, диқандар қауымының сұранысы толық өтелмеді. Сондықтан жергілікті жерде жиналатын техниканың санын арттыру ұйғарылды. Бұл ретте ауылшаруашылық тауар өндірушілерді демеуқаржыландыру бағытында мемлекеттің жылы алақаны сезілді. Биыл отандастарымыз еншілеген жаңа комбайнның жалпы саны 400-ден асып жығылады.
– Келесі жылға межелеген жоспар қандай?
– Әлеует бар, әлі де қамшылайтын тұстар бар. Әзірге 2016 жылы құрастырылатын техниканың саны 500-ден асып жығылады деп күтілуде. Нарықтың, диқандардың қажеттіліктеріне сай өндірісті белсендетеміз. Әуелі нарықты зерделеу қажеттігі туындап отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің талаптарын қаперге алып, ұсыныстарына баса назар берілмек.
– Отандық комбайнның бағасы қаншалықты диқандар үшін қолжетімді? Олардың құны қалтаны қаға ма?
– Баға факторы негізінен күрделі мәселе. Біз жергілікті диқандар қауымының талаптарын мүмкіндігінше ескеруге тырысамыз.
Бүгінде түрлі қаржылық тетіктерді кәдеге жарату жайы бағамдалуда. Енді әрбір тұтынушыға баланысты икемді жүйе қолданысқа енбек. Сырттан тасымалданған қосалқы бөлшектерден құрастырылған техниканың артықшылығы құнына да әсер ететіні сөзсіз.
Егер бағаның қымбаттауы жайлы сөз қозғасақ, ол әлемдік экономикадағы инфляцияның деңгейіне сәйкестендірілмек. Шамамен техниканың құны 10-12 пайызға көтерілуі кәдік. Бірақ оның өсімі қисынды болмақ. Негізсіз шарықтауға жол берілмейді. Оның жай-жапсары бүгінде кеңінен талқылануда. Әуелі диқандардың қамына назар аударылады. Екінші кезекте ғана өзіміздің кірісіміз бен кәсібіміз туралы толғанамыз.
– Келесі жылдан бастап егін шаруашылығында гектарлық субсидиядан бас тартып, қаржыны жаңа құрал-жабдықтармен, техникамен бағыттау көзделген. Бұл тетік қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
-Меніңше, аталған тетік тауар өндірушілерді қолдағы паркті жаңартуға ынталандыра түседі. Оның арқасында қосымша техниканы сатып алуға, қолдағыны жаңартып, алқаптарды көбейтуге жол ашылмақ. Ел қазынасынан үлестірілетін демеуқаржы мақсатты түрде қолданылатыны даусыз. Мемлекеттік демеуді мақсатты түрде кәдеге жаратпайтындардың арасы сирейді. Негізінен тек ісіне мықты шаруа- шылықтар қалмақ.
– Бүгінде Қостанай облы- сында компанияларыңыз- дың қанша техникасы қолданылуда?
– Әр өңірдің өзінің ерекшеліктері бар. Өз басым Қостанай облысының өкілдігінде тер төгемін. Пайыздық арақатынасты бағамдасақ, бүгінде аймақтағы техника паркі 50 пайызға жаңғыртылған. Бұл бағытта түйіткілді мәселелер әлі де шаш етектен.
Егер 2015 жылғы техниканы алсақ, онда толық комплектілі, ұсақтағышы, 7 метрлік жаткасы бар комбайнның құны 26 миллион теңгеден басталады. Қосымша құрылғыларды санасақ, құрылым күрделенсе, онда баға 27 миллионнан асып жығылады.
Биылғы жылдың тәжірибесі өзімізде де комбайндарды құрастыра алатынымызды дәлелдеді.
– Қазақстанның үлесі бар ма?
– Бізге қажетті барлық бөлшектер Ресейдегі негізгі зауыттан жеткізіледі. Жергілікті үлес те бар. Бірақ оның пайызы аса үлкен емес: 10-20% аралығында. Бұл жекелеген түйіндер, ору бөлігіндегі кей құралдар, ұсақтағыштар. Әзірге елімізде қозғалтқышты, күрделі гидравликалық бөліктерді жинайтын зауыттар жоқтың қасы.
– Тұщымды жауаптарыңызға рахмет.
Венера Мұстафина