Тұтынушының көңілі импортқа ауа ма?
Сауда орындарында өзіміздікінен гөрі шетелдік жемістер самсап тұр. Алма мен жүзімді сатып алуда әлі де сыртқы нарыққа бүйрегіміз бұрады. Бағбандыққа ден қойған Нұрлан Құраловтың пікірі осыған саяды. Шаруа өнімді өткізуде тығырыққа тірелетініне күйініп отыр. Кесірінен отандық жемістер көбіне-көп жергілікті сауда орындарына жол тартпай, шекара асатын көрінеді.
Сауда желісіне тәуелділік
«Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күнгейде қанат жайған. 7 жылда шаруашылықтың тасы өрге домалады. Тиесілі егістік алқабы 30 мың гектарға жуықтайды. Оған жылда дәнді дақыл сіңіріледі. Биылғы гектар берекелігі16 центнерден айналған. Бұйырған сары алтынның артылғаны саудаланды. Ал бір бөлігі ата кәсіптің тынысын кеңейтуге бағытталмақ. Сүтті сиырларды көбейтуге ден қойылған. Ақ өңделмейді. Сүт күйінде жергілікті нарыққа ұсынылады. Бүгінде серіктестік еншісінде 200 бас ірі қара бар. Оның басы-қасындағы Нұрлан Құралов бағындырған жетістіктеріне тоқмейілсімейді.
Әмбебап шаруашылықтың жетекшісі жеміс бауларын жайқалтып, алма мен жүзімнен нәпақа табуда. Бағбандыққа ден қойған оңтүстікқазақстандықтар арасында оның кәсібі ірі саналады. Интенсивті технология 400- ден астам гектар аумақта кәдеге жаратылады. Отандық көшеттер тапшы болғандықтан, өзге мемлекеттерге де қолқа салынады. Талап бойынша бір гектарға қажетті ағаштардың саны 1500-ден 3 мыңға дейінгі аралықты құрайды.
Тауар өндіруші судан тарықпайды. Тіршілік көзін үнемді пайдаланудың оңтайлы жолына иек артқан. Тамшылатып суару жүйесі арқылы бақша өнімдері суарылады.
150 гектар аумақта жүзім өсірілсе, 300 гектарға алма көшеттері егілген. Кәсіпкер төгілген тердің зейнетін өткен жылы татқан. Алғашқы өнімге қарық болғанымен, оны өткізуге келгенде шаруаның маңдайы тасқа тиетін көрінеді. Сауда желілерімен «байланыс көпірін» орнатып, бір тоқтамға келуде де тығырыққа тірелетінін мойындайды.
– Пайда көл-көсір деп айта алмаймын. Себебі әлі де межеленген өнімділікті еңсерген жоқпыз. Оған қол жетсе де, қазір шетелдік жүзім 700-800 теңгеге саудалануда. Ал біз алма мен жүзімнің келісін 200-250 теңгеге бағаладық.
Десек те өсірілген алма мен жүзімді өткізу әуре-сарсаңға айналды. Мәселен, базарға барсаң, сырттан жеткізілген жеміс самсап тұр. Олардың арасында қытайлық, ирандық, польшалық, голландиялық алмалар бар. Бағаларын таразыласақ, біздің өнімнің құны импортқа қарағанда арзан. Бірақ жергілікті тұтынушылар көбіне сырттан тасымалданған жүзім мен алманы сатып алады. Бүгінде Астананы бағындыруға бет бұрдық. Бірақ елордалық нарыққа кіру екіталай. Ірі дүкендерде өздерінің сызба нұсқалары бар, – деп мәселенің жай-жапсарын Нұрлан Құралов жіпке тізді.
Реттеу тетіктері қажет
Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде алма мен жүзімге сұраныс көп емес. Себебі оны өз ауласында өсіретіндердің қатары қалың. Сәйкесінше күзгі жиын-терімнен бұйырған өнімнің бір бөлігі сыртқы нарыққа жол тартады. Қазақстанда өсірілген жемістер ресейліктердің дастарханынан табылады. Кәсіпкер өзімізде қағажу отандық алма мен жүзім шекара асатынына налиды. «Жылда жиналған жемістерді Ресейге өткіземіз. Бірақ өзімізге жетпей жатқанда оны сыртқа арбалаудың мәні жоқ деп ойлаймын. Есесіне сырттан ағылған тауардың орнын жергілікті өніммен алмастыру қажет. Заң жүзінде оның тетіктері қарастырылса құба-құп», – деп күйінеді ол.
Отандық тауар өндіруші сырттан жеткізілетін өнімдердің сапасына бақылауды күшейтуді құптайды. Қолға алынатын шаралардың бір парасы салыққа тіреледі.
– Ол үшін шеттен келетін тауарларға баж салығын көбейткен дұрыс. Оның қазіргі деңгейі ешқандай рөлді ойнамады. Ол бізді бәсекеге қабілетті ете алмайды. Ал Өзбекстандағы секілді 10-15% болса, онда ауылшаруашылық тауар өндірушілер үшін алманы, жүзімді өткізуге мүмкіндік туады, – деп тергіштеді серіктестік басшысы.
Қызылқия елді мекеніндегі шаруашылық биылғы өнімдерін сақтаудың амалын тапқан. Несиеге заманауи тоңазытқыш сатып алынды. Енді сұранысқа ие болмаған жемістер бұзылмай, ұзақ уақыт сақталмақ.
«Дүкендер мен ірі сауда орындарында отандық өнімдер «Қазақстанда шығарылған» белгісімен сатылды. Бірақ бұл бақылауға алынбай, оның барлығы бұрынғы қалпына келді. Біз өзімізді, отандық табиғи өнімді қолдауымыз қажет», – деп түйіндеді кәсіпкер.
Ресми сандарды сөйлетсек, қазақстандықтардың жемістерді тұтыну қажеттігі 383 мың тоннаны құрайды. Оның тек 75 пайызы отандық өнімдердің есебінен қамтамасыз етілуде. Қазақстандық бағбандардың төккен тері арқасында жылына 200 мың тонна отандық жеміске қарық боламыз. Ал тапшылықтың орны сырттан дорбаланатын өніммен толтырылады. 2014 жылы 500 мың тонна жеміс елімізге жеткізілсе, дені көрші Өзбекстанға тиесілі. Бұл ретте отандық алма мен жүзімді өсіруді қамшыландырған ләзім. Табиғаты қолайлы оңтүстік өңірдің жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар. Ал отандық өнімге сұранысты арттыру үшін халық қалаулыларының бірі ынталандыру қажеттігін алға тартты. Бұл ретте АҚШ пен Ресейдің тәжірибесі зерделенуі тиіс.
Венера Мұстафина