«Сыбаға» бағдарламасы сиыр тұқымының саны мен сапасын арттырады
Қазақстан аграрлы мемлекет. Соның ішінде атакәсіп мал шаруашылығына басымдық беріледі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де тұралап қалған тірлік қайта тыныс алып, ата кәсіпті жандандыруға жағдай жасалды. Оған «Сыбаға» бағдарламасы дәлел бола алады.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысының шаруалары аталмыш бағдарлама бойынша қомақты несие алып, ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Бағдарламаның басқалардан артықшылығы – асыл тұқымды ірі қараның санымен қатар сапасын арттыруға басымдық беріледі. Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 9 кәсіпкерге 513 млн. теңге көлемінде несие беріліп, асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Қорасын малға толтырып, шаруасын кеңейткен жандар осылайша мемлекеттің қолдауына ие болды, деп жазады KAZNUR.KZ.
«Сыбаға» бағдарламасының игілігін көрген шаруалардың бірі – қызылордалық Сәрсенбек Ранов. Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылында тұратын азаматтың бүгінде көңілі тоқ. Өзі төрағалық ететін «Әсет» шаруа қожалығы 2015 жылы жұмысын бастаған. Бастапқыда мұнда 55 ақбас сиыр мен 37 жылқы болған екен. Қазір шаруашылығы едәуір кеңейген.
«Менің атам да, әкем де мал шаруашылығымен айналысқан адамдар. Бала кезімізден төрт түлікті баптауды үйрендік. Уақыт өте келе, мен де осы дәстүрді жалғағым келді. Қазіргі күні отбасымызбен осы кәсіпті дөңгелетіп отырмыз. 2018 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 52 млн. теңге несие алып, Ресейден 104 бас асылтұқымды сиыр сатып алдым. «Қалмақ» сиыр тұқымына біздің климат қолайлы. Оның үстіне ірі қараның бұл түріне сұраныс өте жоғары. Осылайша, «Сыбағадан» сыбағамызды алып отырмыз», – дейді Сәрсенбек Ранов.
Қазіргі таңда «Әсет» шаруа қожалығында 200-ден астам сиыр бар. Өткен жылы Ресейден әкелінген мал әзірге төлдей қойған жоқ. Мұнда 6 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Негізінен мал шаруашылығымен айналысу оңай шаруа емес. Көп еңбек пен төзімділікті қажет етеді. Уақытылы мал азығын дайындап отыруымыз керек. Жоңышқаны өзіміздің шиелілік шаруалардан сатып аламыз. Мүмкіндігінше бірінші орымның өнімін алуға тырысамыз. Себебі ол сапалы болады. Қазір қыстың қамын жасап жатырмыз. Болашақта менің балаларым да осы кәсіпті жалғастырғанын қалаймын», – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Жалпы, «Сыбаға» бағдарламасы Елбасының тікелей тапсырмасымен әзірленген жобы. Негізгі мақсат – отандық ет экспортын 2,5 есеге арттыру. 2019 жылдың басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облысындағы филиалы арқылы 9 шаруа қожалығына несие беріліп, шетелден 944 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінген. Алдағы уақытта қосымша 700 бас әкелінеді деп жоспарлануда.
«Аталмыш бағдарлама қарапайым шаруаларға мол мүмкіндік береді. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасында 2,5 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Сонымен қатар, мал басына, проценттік үстемеге, тапсырған малдың салмағына төленетін субсидиялар бар. Осы шаралар арқылы шаруалар мемлекеттің қамқорлығын сезінеді. Қор алдындағы борыштарын қиналмай өтеулеріне мол мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта біздің шаруашылықтар Ресеймен тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде, 4 шаруа қожалығы Бурятия Республикасынан 464 бас асыл тұқымды ірі қара әкелді», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалындағы мониторинг бөлімінің басшысы Едіге Анабек.
Айта кету керек, шаруаларға «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 миллион теңгеге дейінгі несие 15 жылға беріледі. Несиеге мал, техника және мал азығы сатып алынады. Ең бастысы шаруаның несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Мал ұстайтын қора-жайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек.
Сонымен қатар, еркек тайыншаларды өткізетін бордақылау алаңдарымен келісімшарты болуы қажет. Егер, кепілдік жетіспеген жағдайда сатып алынатын мүлікті кепілдікке қою мүмкіндігі қарастырылған.