СҚО диқандары 4,6 млн тонна астықты қамбаға құйды
Солтүстік Қазақстан облысында диқандар әр гектардан орташа 15 центнерден өнім алып, 4,6 млн тонна астықты жинап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егін орағы науқанының барысынан құлағдар етті. Биыл өңір диқандары 4,4 млн га дәнді дақыл, көкөніс еккен еді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл дәнді-дақыл шығымы жаман емес, орташа әр гектардан 15 центнерден алынды, былтыр осы уақытта гектар берекелілігі шамамен 11 центнер болған.
«Дәнді-бұршақты дақылды жинап алғанмен, майлы дақылдар әлі орылып жатыр. Бар алқаптың 60,6 % жиналды. Әр га орта есеппен 7,6 центнерден алынып жатыр. Бұл былтырғы көрсеткіш шамасында. Сондай-ақ бірер күнде картопты толық жинап аламыз. Қазіргі уақытта 366 мың тонна картоп алдық, әр га 120,6 центерден жинап жатырмыз. Картоптың биыл шығымы аз. Былтыр гектарынан 134 центнер алдық. Көкөністер алқабының 90,6 % жиналды», – дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Өңірде жиналған астықты сақтайтын қойма жеткілікті. Жалпы көлемі 6,6 млн тонна болатын элеватор, астық қоймалары бар.
«Қазіргі уақытта лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 1,2 млн тонна астық түсті, оның ішінде бидай 896,6 мың тонна, арпа 149,2 мың тонна, бұршақ дақылдары 36,7 мың тонна, майлы дақылдар 78,9 мың тонна және 16,5 мың тонна басқа дақылдар. Жеткізілген астықтың 81 % – 3-класты бидай», – дейді Мейрам Меңдібаев.
Маманның айтуынша, Азық-түлік корпорациясы 29,5 млрд теңгеге 425 мың тонна мөлшерінде астықты форвардтық тәсілмен сатып алуға келісімшарт жасады.
Бұған дейін «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ биылғы астықты сатып алу бағасын белгілегенін айтқан едік.