СҚО-да орақ алдында диқандардың басын қосқан дәстүрлі «Дала күні» мерекесі өтті
Солтүстік Қазақстан облысында дәстүрлі «Дала күні» мерекесі өтіп, ауыл шаруашылығы саласы мамандарына заманауи техника үлгілері мен инновациялық әзірлемелердің көрмесі ұсынылды. Диқандар тәжірибелік учаскелерді аралап, ауылшаруашылық кеңесіне қатысты, деп хабарлайды Kazinform.
«Дала күні» мерекесінің мақсаты – фермерлерді ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы жетістіктермен, заманауи агротехнологиялармен таныстыру, тәжірибе бөлісу. Бұл жолы диқандардың басын қосқан іс-шара Аққайың ауданы Шағалалы елді мекеніндегі ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясында өтті.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, іс-шараға ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, аудан әкімдері, ғылыми қоғамдастық мүшелері, ауыл шаруашылығы кеңесі, серіктестік басшылары, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер қатысты. Қазақстандық компаниялар жиналғандар назарына жабдықтары мен жинақтауыштарын ұсынды. Сондай-ақ тыңайтқыш жеткізушілердің қызметтері таныстырылды.
«Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды. Оны орындау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егістік әртараптандырылып, майлы дақылдар мен жасымық, қарақұмық, картоп сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқабы ұлғайтылды. Топырақ құнарлығын арттыру мақсатында 257 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Сондай-ақ тұқымды жаңарту, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғырту жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан шаруаларға қажетті көмек бар. Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар, мереке қонақтары үшін тақырыптық фотоаймақ пен концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар ойнатылатын спорттық аймақ ұйымдастырылды.
Биыл облыс 4,5 млн гектар алқаптан ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауы керек, оның 3,4 млн гектары дәнді дақылдар, 751 мың гектары майлы дақылдар, 379 мың гектары мал азығы, 26 мың гектары картоп және 5 мың гектары көкөністер.
Диқандар алдындағы қазір басты міндет – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, сақтап, тұқым қорын қалыптастыру. Сондай-ақ, атап айтқанда, жем-шөпті толық сатып алу, шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және элеваторлардың астық қабылдауға дайындығын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Бұған дейін СҚО-да жаңа астықты қабылдауға элеваторлардың жеткілікті екенін жазған едік.