Шымкентте жеке тұрғын үйлердің ауласындағы бау-бақшалар қурап жатыр
Себебі, су жоқ. Ағын су келетін жалғыз арықты, жол салатындар көміп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тіршілік нәрі болмағандықтан есік алдындағы бақша дақылдарының бәрі жермен жексен болған. Енді қала тұрғындары әкімдіктен суару жүйесін қалпына келтіруді талап етіп отыр.
Ондаған жылдар бойы қызылжарлықтар есік алдындағы шағын ғана бау-бақшасын осы арықпен суарып, көкөніс егетін. Жылда бұл уақытта бақшалар ғана емес, аулалар да жайқалып тұратын. Қазір арық суалып, барлығы қурап кеткен. «Барлығына жол салушылар кінәлі», – дейді жұрт.
Құрманбай Мамедов, қала тұрғыны:
– Біз қазір бұрынғы арықтың жанында тұрмыз, бірақ қазір мұнда арық жоқ. Барлығын жауып, бітеп кеткен. Мына жақтағы тұрғындардың барлығында су жоқ, Бірнеше көше ағын сусыз қаталап отыр.
Фахруддин Таиров, қала тұрғыны:
– Біздің барлығымыз есік алдындағы шағын ғана бақшамызға жылда қызанақ, қияр, көкөніс дақылдарын егетін едік. Биыл су болмаған соң барлығы қурап кетті.
Бұған дейін шағын аудан тұрғындары жеміс-жидек, бақша дақылдарын мүлдем сатып алмайтын. Барлығын өздері егіп, жаз бойы піскен көкөністі қысқа дайындайтын. Қалғанын сататын. Биыл арықта су болмаған соң кранның суын пайдаланған. «Оның шығыны да көп», – дейді.
Нұриддин Таиров, қала тұрғыны:
– Бұрын көк-сөктің барлығын өзіміз егіп, базарға апарып сататынбыз. Енді көріп тұрсыздар, су жоқ. Кранның суының шығыны шаш етектен екен. Айына суға 20 мыңнан төлеймін.
Кешкі уақытта көршілердің барлығы бақшасын суарады. Сол кезде кранның да суы сарқылады. Суға таласқан тұрғындар жаға жыртысуға дейін барады. Тұрғындардың шағымымен Абай ауданы әкімінің орынбасары да жақсы таныс. Жаңа жоба бойынша мұнда арық болауы керек екен. Алайда тұрғындардың шуынан кейін арықты қайта қалпына келтіруге уәде берді.
Нұрлан Тілешов, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
– Жолдың құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Сондықтан барлығын шешуге мүмкіндік бар. Біз мұны мердігермен ақылдасып, шешетін боламыз.
Ал эколог мамандардың айтуынша, каналдарды тек қалпына келтіріп қана қоймай, барлығын тегіс жаңарту керек. «Сонда ағын су ысырап болмай, барлығына жетеді», – дейді.