Шығысқазақстандық шебер қымбат техниканы қолдан жасайды
Шығыс Қазақстан облысында тұратын Борис Бабинский техниканы металл бөлшектерінен құрап, көпшілікті таңқалдырып жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Ол өз қолынан шыққан трактор мен квадроциклдің арқасында талай шаруаны бітіріп, табыс көзіне айналдырған. Техниканың тілін әбден меңгерген шебер көрші-қолаңның бәріне көмектеседі.
Выдриха ауылында Борис Бабинскийді танымайтын адам жоқ. Шөбін таси алмай, отынын жара алмай отырғандардың бәрі оның ауласына бір келіп кетеді. Себебі қолында ауыл шаруашылығы техникасының түр-түрі бар. Бәрін өзі құрастырған.
Бұл трактор шеберге тым ыстық. Себебі темір-терсегін түгендеп, құрауға 5 жыл кеткен. Оған тіркейтін отын жарғыш құрылғының гидравликалық және механикалық түрін де өзі ойластырды. Ауылдықтар үшін екеуінің де маңызы зор. Уақыт үнемделіп, бір шаруа болсын тез бітеді.
Борис алғашқы тракторды 15 жасында құрастырған. Бұл өнердің бойына кімнен, қайдан дарығанын өзі білмейді.
Борис Бабинский, Выдриха ауылының тұрғыны:
– Мүмкін бала кезімде ағамнан көрген шығармын. Әйтеуір техникаға өте жақын болдым. Мектепте үздік болдым деп айта алмаймын. Есеп шығаруда осал едім. Бірақ мынаның бәріне өлшем керек қой. Интернеттің көмегінсіз өзім-ақ жасап алдым.
Шаруақор жігіт хоббиінің арқасында табыс тауып, ісін дөңгелетіп отыр. Қымбат техниканы қолдан жасап, артық шығыннан да құтылады.
Вячеслав Шушаков, Выдриха ауылының тұрғыны:
– Әсіресе, осындай күзгі жиын-терім кезінде Борис Бабинскийге көп келеміз. Себебі қолында бәрі бар. Қыста қар тазарта алмай қиналсақ та, осы кісіден көмек сұраймыз.
Борис бос уақытында омарташылықпен айналысады. Кейде өзі құрастырған квадроциклге отырып, шалғайдағы шаруасын реттеп келеді.
Бористің ендігі арманы – жол талғамайтын көлік құрастыру. «Қары қалың, қысы суық аймақ үшін бұндай техниканың орны бөлек», – дейді ол.