Шөптің бір тіркемесінің бағасы 90 мың теңгеге жетті
Ауылдағы ағайын мұндай сомаға мал азығын ала алмайды.
Павлодар облысында Ертіс өзені суының жайылымдарға кең тарамауы әрі қуаңшылықтың салдарынан мал азығымен қамту мәселесі өткір тұр. Қазірден-ақ шөп тапшылығы бары байқалып отыр. Соны пайдаланған кей пысықайлар биылғы өнімнің бағасын бірден көтеріп жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, өңірдегі қыстақтарға тұратын төрт түлік үшін 1,2 млн тонна шөп керек. Бүгінде оның тек 498 мың тоннасы дайындалды. Бұл ретте шаруаларды қолдауға ден қойылып отыр. Күзгі жиын-терім жұмыстарына барлығы 2 млрд теңге субсидия қарастырылған, оған тағы 1 млрд теңге бөліп бермек. Сол сияқты бағасы арзандатылып үлестірілетін дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін артпақ.
Ұсақ және ірі шаруашылықтар мемлекеттің осындай қолдауымен қыстан әупірімдеп болса да шығар. Бәрінен де қорасында азын-аулақ мал ұстайтын қарапайым ағайынға қиынға соғайын деп тұр. Облыс көлемінде 30 мыңнан астам жеке аула бар. Мұндағы төрт түліктің бәрін бірдей азықпен қамту мүмкін емес. Әсіресе, Май ауданының тұрғындарына оңай болмайтын түрі бар. Мұндағы шабындықтарға биыл мүлде су жайылмады. Жауын-шашынның болмауы ахуалды одан әрі күрделендіре түсті. Осы аудандағы шаруашылықтар мен жеке аулаларға барлығы 104,5 мың тонна шөп керек. Оның ішінде қатардағы тұрғындарға қажетті көлем 32 мың тоннаны құрайды. Алайда бүгінгі таңда осынша көлемдегі азықты жинау кәдімгідей ауыртпалық салып отыр. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қазір ауданда барлығы 16,8 мың тонна шөп қана дайындалды. Көк көрінген аумақтың барлығын шапқан күннің өзінде ары кетсе 58,8 мың тонна жиналады. Былтырғыдан қалған 4,5 мың тонна, көпші ауданнан тасып алатын 10 мың тонна бар. Бірақ ол да қажеттілікті жаппайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауылдықтардың бұл мәселесін шешу үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлермен сабанды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Деседе, іргелес өңірден жеткізілетін мал азығы кімге, қалай үлестірелетіні әзірше беймәлім.
Ал осындай “ұрымтал” сәтті пайдаланған кей кәсіпкерлер бағаны көтеріп үлгерді. Айталық, былтыр қалаға іргелес ауыл, аудандарда шөптің бір тіркемесінің бағасы 50-70 мың теңге көлемінде болса, биыл 90 мың теңгеге дейін жетті. Мұндай соманы қарапайым жұрттың қалтасы көтермейді.
“Қорамда бір жылқы, бес ірі қара малым мен 20 шақты қойым бар. Олардың барлығын қыстан аман алып шығу үшін кем дегенде 8 тіркеме шөп алуым керек. 2-3 тонналық тіркемелердің бағасы 80-90 мың теңге боп тұрғанын санасақ, жарты миллион теңгеден астам ақша керек екен. Ай сайынғы зейнетақыға ғана қарап отырған біздің ондай жағдайымыз жоқ. Тайынша, құнажынды сатып, азық бағасының тым құрығанда жартысын шығарып алайық десек, еттің бағасы керісінше арзан. Осындайда шөптің де, еттің де бағасын реттейтін мемлекеттік тетік болса екен дейсің. Жанармайдың бағасы сияқты шекті бағасын белгілесе жақсы болар еді. Әйтпегенде, күз келгенде шөптің тіркемесін 100 мың теңгеге де сатуы ғажап емес”,- деп ашынады Павлодар ауданының тұрғыны Нұрғиса Несіпбеков.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шаруалардың да, қарапайым көпшіліктің де жанына батып отырған мәселені жақсы білетінін алға тартып, қолдан келгенше қолдау көрсетілетінін алға тартады.
“Бәріміз ауылда өсті. Күзгі дайындықтың қалай жүретінін жақсы білеміз. Шөптің бағасы шарықтап тұрғанынан да хабардармын. Бұл – нарықтың заңдылығы. Қай өнім аз болса, соның бағасы бірден өсіп шыға келеді. Осындай өзгеріс тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топ өкілдеріне қиындық туғызбас үшін жан-жақты жағдай жасауға тырысамыз. Күнделікті айлығы мен зейнетақысына мал азығын ала алмайтындар енді қорадағы малын тапсырауға көшетінін де түсініп отырмыз. Шыны керек, олардан қабылдайтын еттің бағасы қазір жоғары емес. Сондықтан жауапты мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктерге Астана, Алматы қалаларында ірі ет өңдеу орындарымен келіссөздер жүргізуді тапсырдым. Өзара мәмілеге келіп, тұрғындарымызға қолайлы бағада ет өткізсек, бір “жыртық” жамалар еді. Мұндай жағдайда тұрғындар өсірген малдың, олардың адал еңбегінің ақысын делдалдар “жеп” кетпеуі керек”, – дейді аймақтың басшысы.
Шаруашылық басшылары да жағдайларының мәз емес екенін алға тартады. Шөппен қатар, дәнді және майлы дақылдардың түсімі бұрынғыдай бола қоймас. Өнімнің басым бөлігі күйіп кетті. Ал солардың тұқымын алып, егіп, өсіру үшін алған несиенің ай сайынғы төлемі қос бүйірден қысып барады. Сондықтан кәсіпкерлер аграрлық несиелерді өтеу мерзімін кейінге шегеруді сұрап отыр. Қаржылық қиындық көріп отырған осындай 233 шаруашылықтың тізімі жасалып, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қаржы институттарына жолданды. Әйтпегенде, шаруалар берешекке белшесінен батпақты былай қойып, қолдағы техникаларынан айырылып қалуы мүмкін.