ШҚО-дағы агротехникалық парк жаңартуды қажет етеді
Шығыс Қазақстан облысында алдағы 2 жыл ішінде 4 мыңдай трактор мен 4 жүздей комбайн айналымнан шығарылады, деп хабарлайды «24KZ».
Сондықтан ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мәселесі өзекті болып тұр. Шаруашылықтар бұл қиындықты бірлесе еңсеріп, кооператив құру арқылы қымбат агромашиналарға қол жеткізбек. Үкімет тарапынан да салаға қосымша инвестиция тарту жолдары қарастырылып жатыр. Агро-жобаларды несиелендіруге 2-ші деңгейлі банктер тартылады.
Қазақстандық агромашиналардың 80%-і ескірген. Жыл сайын республика бойынша техникалық парктің тек 4 жарым %-і ғана жаңартылады. Биыл Шығыс Қазақстан облысында егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайтылды. Барлығы 368 мың гектар жерді өңдеу үшін шаруашылықтар ескі-құсқы тракторларды жамап-жасқап жатыр.
Көпфункционалды мұндай қымбат техниканы сатып алуға тек ірі агрокомпаниялардың ғана шамасы жетеді. Жаңа трактордың өзі маусымдық жұмысты тоқтамай істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Бір күн бұзылса шаруашылыққа 5 мың евро шығын келеді. Майлы дақылдар егетін серіктестік директорының орынбасары Данияр Әбітаев өндірістік тәуекелдерді азайтуды ұсынады. 5 жыл бойы АҚШ-тың аграрлық өңірлерінде тәжірибе жинаған кәнігі диқан дала жұмыстарына дайын техниканы жалға беретін ортақ парк ашу керектігін айтады.
Данияр Әбітаев, шаруашылық директорының орынбасары:
– Тракторлық станция қызметі әсіресе шағын шаруашылықтарға тиімді болар еді. Техникалық бекеттің агромашиналары шалғай ауылдарға барса бірден бірнеше шаруашылықтың жерін жыртып, тегістеп береді. Бірақ егіс алқабы жеке өзіне тиесілі болуы керек.
Агробизнес әлі де қолжетімді несиеге зәру. Кәсіпкерлер жылдар бойы ауыл шаруашылығы техникаларының пайыздық үстемесін төмендетуді сұрап келеді. Ел Үкіметі болса отандық өндірушілер өнімін субсидиялау арқылы комбайн-трактордың нарықтағы бағасын арзандатуды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда жыл сайын 15 мың дана арнайы техника шығарылады. Бұл сұранысты толық жаппайды. Өйткені бір ғана Түркістан облысының өзінде көктемгі дала дүбіріне 20 мың агромашина тартылады.
Ажар Қаджыбекова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарына 8700 дана трактор жұмылдырылады. Оларды жыл сайын жөндейміз. Өткен жылы 1700 техника жаңартылды. Ол жұмыстар биыл да жалғасады.
Мемлекет басшысы жыл сайын кем дегенде агротехникалық парктің 10%-ін жаңалау міндетін қойды. Алдағы 4 жылда республика бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын несиеге кепілсіз алу үшін 1 жарым триллион теңге бөлінеді. Ең бастысы шаруалар соңғы тиынын тракторды жүргізуге жұмсамай, егіс көлемі мен өнімділігін арттыруға да мүмкіндігі болу керек.