ШҚО-да шаруашылықтарға жайылымдық жер жетпей жатыр
Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданындағы мал шаруашылықтарына жайылымдық жерлер жетпей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ірі қара өсірумен айналысатын Айдос Оспановтың айтуынша, 2 жылдан бері бос жатқан жерлерді алуға өтініш жазып, конкурстарға қатысқанымен ешқандай нәтиже жоқ. Фермердің сөзінше, мал басын өсіріп, шаруашылықты кеңейтуге мүмкін емес. Сондықтан өткен күзде 200 бас малды сатуға мәжбүр болған.
Беген ауылындағы бұл шаруашылықтың негізі 2012 жылы қаланған. Сол кезде Айдос Оспановтың қорасында 50 бас ірі қара болса, қазір оның саны 800-ден асқан. Жергілікті 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал жаз айларында 14 тұрғын еңбек етеді, 15 техникасы бар. Алайда мал басы өскен сайын жайылымдық жер мәселесі шаруаны тығырыққа тіреп отыр. Тіпті еріксіз сиырларын сатуға мәжбүр болыпты.
Айдос Оспанов, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Осы жақта пайдаланылмай жатқан жерлер көп, бірақ иелері бар, пайдаланбайды. Солармен сөйлесіп, 7 мың рулонды дайындап алдық. Ал келесі жылы қалай дайындаймыз, көктемде қайда шығамыз, белгісіз. 8 жылдың ішінде бірінші рет аналық ақ бас малдарды саттым.
Шаруашылықта қазір 2 мың гектар ғана жер бар. Ал, шаруа бос жатқан жерлерді пайдалануға өтініш жазып, 5 конкурсқа қатысқанмен барлығы нәтижесіз болған.
Айдос Оспанов, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Бесқарағай аудандық сайтында көрсетілген. Соны қарадық, дауысқа салған кезде ешқандай бизнес жоспарға нақты қарамайды, ол жердегі мәліметтерді зерттеместен дауыс бере береді. Беген ауылдық округінің жерлерін депутаттар алады немесе депутаттың жақын туысқандары алады. Бізге 3-4 мың гектар жер мал басына жетпейді. Оны аудан әкімдігі де, ауыл әкімдігі де біледі, неге екенін білмеймін дауысқа салған кезде өтпей қалып жатырмын. Конкурстың бәріне 2019 жылдан бастап қатысып келе жатырмын.
Ал аудандық жер қатынастары бөлімі бос жатқан жерлер министрлік бекіткен ережеге сәйкес конкурс арқылы жалға берілетінін айтады. Комиссияға 11 адам мүше. Олардың ішіндегі әкімдіктің 4 қызметкері Айдосты қолдап, дауыс бергенмен бұл жеткіліксіз. Ал депутаттар мен қоғамдық ұйым мүшелері қарсы дауыс беріп отырған. Жер алу үшін комиссияның басым көпшілігі қолдап дауыс беруі тиіс.
Валерий Калиновский, Бесқарағай аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі:
– Негізі оның бизнес жоспары көңілге қонымды, мал басы, техникалары жеткілікті. Комиссия мүшесі ретінде біз оны қолдап дауыс береміз. Алайда конкурсты өткізу жөніндегі ауылшаруашылығы министрлігі бекіткен ережеде бұған мән беру керектігі айтылғанмен, балл беру тек инвестиция көлеміне ғана байланысты. Сондықтан бұл ереженің де олқы тұстарын жетілдірген жөн деп есептеймін. Ал комиссия мүшелерінің бәрі үшін жауап бере алмаймыз. Әркім өзінше шешім қабылдайды. Дегенмен биыл да мұндай бірнеше конкурс болады, жайылымдық жерлер әлі де жетерлік. Сондықтан Айдос Оспановтың та шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндігі бар.
Ауданда әлі де 18 мың гектар жайылымдық жер игерілмей бос жатыр. Биыл бұл телімдер де конкурсқа түспек. Оның үстіне конкурстық комиссия құрамы да өзгереді. Ал мал басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейтуге ынталы еңбекқор фермер тағы да бағын сынап көрмек.