ШҚО-да егіс алқабы 16 мың гектарға ұлғаяды
Шығыс Қазақстан облысында биыл 1 миллион 379 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі. Былтырғы жылмен салыстырғанда егіс алқабы 16 мың гектарға ұлғаяды. Қазір Үржар диқандары дала жұмыстарына кірісіп кетсе, климаты қиын кей аудандар күн райына қарайлап отыр. Аймақтағы шаруа қожалықтарының қолын байлап тұрған тағы бір жайт кадр тапшылығы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Нұрлыбек Қараталовтың шаруа қожалығында 1200 гектардан астам алқап бар. Бидай, қарақұмық, жүгері егеді. Жылда осы уақытта жұмысты бастап кететін диқан биыл сәл кешігіп жатыр. Өйткені қар қалың түсіп, ұзақ жатқандықтан алқапты тазалауға біршама уақыт жоғалтқан.
Нұрлыбек Қараталов, шаруа қожалығының иесі:
– Күні-түні істейміз, енді сол үлгіретін екі сменамен. Біздің жер жақсы, бал баниттетіміз үлкен ғой бізде 80-90 болады жерде жұмыс істеу керек, ауылды кімге тастаймыз? Өзіміз мұнда өстік, осы ауылда жүреміз.
Қожалыққа, әсіресе кадр тапшылығы батып тұр. Ауыл шаруашылығы мамандары оқытылмайды, оқығандары ауылға тоқтамайды. Агроном деген атымен жоқ болған соң қазір оның міндетін қожалық иесінің өзі атқарып жүр. Осылайша бұл жерде тек табиғатынан техника тілін жетік меңгергендер ғана қалған. Солардың бірі Рафхат Нагуманов. 8-сыныптан бастап автокөлік жөндеудің қыр-сырын үйренген ол осындағы техника атаулыға жауапты.
Рафхат Нагуманов, механизатор:
– Техника дайын шамамыз жеткенше жөндедік, күннің суығына, боранға қар жауғанға қарамастан. Соляркаға байланысты жанар-жағармай дейді ғой техникада аппаратура деген болады, оған аз ғана су жиналса болды сынып та қалады.
Дегенмен, кадр тапшы деп қарап отыруға болмайды. Қожалық басшылығы жоқ маманның орнын ең заманауи, автоматты техникамен толықтырып жатыр. Тіпті осы уақытқа дейін тұқымды қолмен зарарсыздандырып келсе, енді оны мына құрылғы істейді. –
Всё делаем мы руками, дозу доливали канистрами наливали, а сейчас все электронно.
Қожалық иесінің ұлы Азамат екі жоғарғы оқу орнын аяқтаса да өскен ауылы Солоновкаға оралыпты. Су жаңа, қуаты 150 аттық күшіне тең тракторды сынап жүр.
Азамат Қараталов, шаруашылық маманы:
– Мұндай техника шаруашылықтың дамуы үшін аса қажет. Ал шаруа жақсы жүрсе ауылға да жаман болмайды. Жұмысқа деген ынта болады. Біреуге жалданып, еңбек еткенше өзіңе тер төккенің жақсы емес пе.
Енді күн қабағы түзелсе болды, мұндағы алқапта шаруа қызғалы тұр. Жалпы облыста егістік жұмыстары үшін биыл 32 мың тонна дизельді отын дайындалды. Жер жырту және өңдеу техникасының әзірлігі ел бойынша озық тұр дейді сала өкілдері.
Қарлығаш Нұриханова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Облыстағы техника жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша алдыңғы қатарда тұр, бұл сатып алынған жаңа техника мен егіс комплекстері жақсы нәтиже алып, уақытылы егістік жұмыстарын жүргізуге септігін тигізеді.
Көктемгі егістік пен күзгі жиын-терім үшін облыс қазынасынан биыл 5,5 миллиард теңгеден астам субсидия бөлінді.