Шаруалар Роман Склярдың отставкаға кетуін талап етті
Қазақстан қой өсірушілерінің ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның пікірінше, үкімет басшысының бірінші орынбасары фермерлердің мүддесін қорғамай отыр.
“Үкімет ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утилизациялық алымнан бас тартпайды екен. Мұны айтқан Роман Скляр. Бұл жаңалықты БАҚ-тан оқыдым… Осыған байланысты мен өз қауымдастығымның позициясын білдіремін. Ашығын айтайын, бізге мұндай вице-премьер керек емес. Бізге шаруалардың мүддесін ойлайтын, жағдайымызды түсінетін, әрі қорғайтын үкімет басшысының орынбасары керек”, – деді Алмасбек Садырбаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Бұл пікірді “Қазақстанның ет одағы” бірлестігінің бас директоры Мақсұт Бақтыбаев та қолдады.
Сондай-ақ Қазақстан қой өсірушілерінің ұлттық қауымдастығының төрағасы өзінің талабының негізіне тоқталды.
“Біріншіден, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ауыл шаруашылығына утилизациялық алым енгізіліп жатқанда басшылық қызметте болды. Мұны саладағы мамандар айтып отыр.
Екіншіден, Роман Скляр қазақ даласында (Маңғыстау және Қызылорда облыстары – автор) жұт болған кезде шаруалармен кездескен жоқ. Олардың жағдайы қиын болды, қаншама мал қырылды.
Үшіншіден, осындай қиын-қыстау кезеңде Роман Скляр фермерлерді қорғауы керек. Алайда бірінші вице-премьер бізді сатып кетті. Ол утилизациялық алымды қолдаушылардың қатарында екен. Скляр қарапайым халық пен шаруалардың жағына өткен жоқ. Мұндай вице-премьер бізге керек емес. Мұнымен ауыл және мал шаруашылығындағы әріптестерім келісіп отыр”, – деді Алмасбек Садырбаев кулуарда.