Шаруалар Ирландиядан ірі қара әкеліп жатыр

Ақтөбеде Темір, Шалқар, Мұғалжар, Қобда мен Мәртөк аудандарының кәсіпкерлері белсенді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Фото: ©CallyL  / pixabay.com
Фото: ©CallyL / pixabay.com

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылы 2,2 миллиард теңге, 2018 жылы 3,8 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 976 жобаға 3,8 миллиард теңге беріледі. Сәуір айында қаржы республикалық бюджеттен түсті. Қаржы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және Аграрлық несие корпорациясына бөлінді. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржау Тұрғамбековтың айтуынша, қазіргі уақытта несие алуға 100- ден астам өтініш түсті, оның 32-сі мақұлданды.

«Мамыр айында алғашқы несие берілді. Темір, Шалқар, Мұғалжар, Қобда мен Мәртөк аудандарының кәсіпкерлері қаржының басым бөлігін алып отыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры саудадан өзге бағытқа несие береді. Басымдық – ауыл шаруашылығында. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында несие 6 пайызбен 5 жылға беріледі. Егер мал шаруашылығына берілсе, 7 жыл төлейді. Мәселен, «Игілік» бағдарламасы бойынша төрт түлік сатып алатындарға тек 4 миллион теңгеге дейін ақша беріледі. «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында кэмпинг, кафе, наубайхана секілді бизнесті қолға алса 6 миллион теңгеге дейін несие ұсынылады. «Егінжай» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге дейін аударылады. Техниканы жөндеу, тұқым сатып алу, тыңайтқыштар алуға болады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қараны шетелден алу керек. Бұл бағытта кәсіпкерлер 12 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Ал ұсақ малды тек Қазақстаннан алуға рұқсат бар», — деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина.

Айта кетейік, несие алған кезде қаржының 25 пайызына тең келетін кепілдік қойылады, сақтандыру міндеттелмейді. Мал бағасын арзандату үшін сибсидия да беріледі. Мәселен, шетелден алған әрбір ірі қара 650 мың теңгеден аспауы керек. Оның 225 мың теңгесі субсидияланады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган әр мал басына 110 мың теңге субсидия беруді қарастырған.

«Ресейден мал табыла бермейді. Сондықтан Украина, Беларусь, Чехиядан, тіпті Ирландиядан ірі қара әкеліп жатыр», — деді Гүлжанат Ерғазина.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы