Шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындары арасындағы дау қашан бітеді
Жетісу облысы Ескелді ауданы тұрғындарының жергілікті «Хильниченко В.П.» шаруа қожалығымен текетіресі әлі де аяқталар емес. Тұрғындар аталған шаруа қожалығы халықтың пайларын заңсыз иемденіп, салдарынан аймақта мал жаятын орын тапшы деп кінәлауда. Ал әкімдік болса, аталған жерді шаруа қожалығының әрекеті заңға қайшы емес деп ақталуда, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Ескелді ауданының тұрғындары жергілікті шаруа қожалығымен жылдар бойы күресуде. Олар тоқсаныншы жылдардың соңында жерін кәсіпкер заңсыз иемденіп алғанын айтады. Тіпті шаруа қожалығы қожалық жерімен өтетін Қаратал өзенінің жағалауын оған халық бара алмайтындай етіп қоршап алған, дейді олар.
«Бұл – халықтың жері. Кезінде біз бұл өзеннің бойында демалып, саңырауқұлақ тергенбіз. Қазір Қараталды балаларымызға да көрсете алмаймыз», – дейді халық.
Олар желіде арнайы видео жазып, биліктегілерге үндеу жасады.
«Жер жоқ, жердің бәрі заңсыз бөлінген. 11 мың гектар жері бар қожалық иесінің. Бүкіл колхоздың бәрін өзіне аударып алған, халықта түк те жоқ. Жер бөлінгенде де білгенін істеп, халықпен ақылдасқан жоқ. Су да жоқ, халық бақшасын суара алмай отыр», – дейді тұрғындардың бірі.
Бүгінгі таңда халық Қаратал өзеніне баратын жолды қоршап алған қожалық иесіне қатты ашулы. Аудан белсендісі Наточий Владимирдің айтуынша, бұл жерлерді қоршауға негіз жоқ, себебі бұл – халыққа тиесілі жерлер.
«Қарабұлақ тұрғындары ғана емес, сонымен бірге мұнда бұрын да өмір сүрген адамдар бұрын депутат болған бұл кісінің ісіне наразы. Шын мәнінде Қаратал өзенінің бойында кезінде Киров колхозына тиесілі жерлер бар. Бірақ 1997 және 2007 жылдары Қарабұлақ ауылдық округіне тиесілі 38 гектар жер қожалық иесінің жұбайына не себептен сатылғаны түсініксіз. Ал бұл пай ретінде үлестіріліп берілген жерлер болатын. Пайлардың иесі мен мұрагерлері кадастр нөмірлері осы жермен сәйкес келіп тұрғандықтан, бұл жердің бір отбасының иелігіне қалай өткенін түсінбей отыр», – дейді Владимир Наточий.
Ол сол жылдары ауылды басқарған әкімді бұл «заңсыздығы» үшін жазалауды ұсынады.
Ал жергілікті әкімдік болса, тұрғындардың уәжі орынсыз, себебі кәсіпкерде заңды түрде бұл жерлерге иелік ету құқығы бар екенін және сол себепті ол жерді қоршау заңнама талаптарына қайшы емес екенін жеткізді.
«15.09.1997 жылғы Талдықорған облысының әкімінің №1-257 шешіміне сай, Ескелді ауданының 14.05.2007 жылғы №128 бұйрығына кадстр нөмірі 03-264-047-172 болатын жалпы аумағы 37,98 га жер учаскелері жеке меншікке берілген (ред. – Хильниченко Майя Ивановнаға).
Қарабұлақ ауыллдың округінің аумағындағы кадастрлі нөмірі 03-264-047-191 болатын жалпы аумағы 178,99 га жер учаскесі Ескелду ауданының 05.03.2009 жылғы № 42 шешімімен «Хильниченко В.П.» ШҚ-на 49 жылға жерді ақылы пайдалану құқығында, пайшылар үлесін қоса алғанда берілген. Сонымен бірге аталған шаруа қожалығына 49 жылға жерді ақылы пайдалану құқығында, пайшылар үлесін қоса алғанда берілген.
Осы айтылғандардың негізінде бұл жерлер жалпыға ортақ жерлер емес екенін, нақты «Хильниченко» ШҚ тиесілі екенін атап өту керек», – делінген әкімдік хабарламасында.
Атқарушы органның мәлімдемесіне сай, жайылымдық жерлерді шаруа қожалығы мақсатына сай пайдаланып отыр және қожалық иесі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді тиімді пайдалану ережелерін сақтап отыр. Сол себепті олар Қаратал өзенінің бойын кәсіпкердің қоршап алуы жер заңнамасына қайшы еместігін алға тартты.
Айта кету керек, Қарабұлақ ауылының тұрғындары қожалық иесіне шағымын жуырда облыс әкімімен кездескен кезде де жеткізген болатын. Бейбіт Исабаев бұл мәселеден хабардар екенін, шаруа қожалығы иесінің әрекеті заңға көлденең еместігін әрі ол жерді тиісті деңгейде пайдаланып отыр деген жауап айтқан. Ал халық бұл бағытта күресті доғармайтынын кесіп айтты.