Шағын кәсіпкерлікке бетбұрыс бар
Сырттан дорбалағанша, шикізатты ұқсатуға бел буған ләзім. Мұны қаперге алған теріскейліктер «Солтүстік Қазақстанда» шығарылған өнімнің қатарын көбейтпек. Бірі кәсіпорынның құлашын кеңге жаюды діттесе, бірі оның «әліппесін» меңгеруге кірісті.
«Ұсақ өндіріске ынталандыру қажет»
Бүгінде Владимир Воробьевтің күнделікті күйбең тірлігі құрылыс алаңындағы қарбаласпен өтеді. Бос тұрған жер учаскесінде қайта өңдеу цехының іргетасы қаланады. Шағын өндіріс биылғы күз айларында ауылдың ажарын аша түспек. Шығарылған тауар Тайынша ауданының Чкалово елді мекенінен сауда нүктелеріне жол тартады. Таңдау жартылай дайын ет өнімдерінің еншісіне тиген. Оның да өзіндік сыры бар көрінеді.
– Етті жартылай дайын фабрикаттарды нарыққа ұсыну шешімі кездейсоқ емес. Себебі қазіргі таңда оған тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Өндірістегі артықшылықтары да бір төбе. Мәселен, дайындау цехтарының жұмысын едәуір жеңілдетеді, кәсіпорынның өткізу қабілетін еселейді әрі оларды әзірлеуге рәсуа етілетін уақыт аз, – деп түсіндірді кәсіпкер.
Сапа мен санның жолында иек артылатын құрал-жабдықтардың талапқа сәйкестігі де тасада қалдырылмайды. Теріскейлік кәсіпкер заманауи құрылғыны сатып алуға дәмелі. Ол үшін 3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Шаруаның бір бөлігі соны техникаға артылса, екінші бөлігі адам күшімен атқарылмақ.
Тұшпара мен субүйрек әзірлеу тек қол еңбегіне ғана негізделмек. Ал оған қажетті ет жергілікті халықтан және шаруа қожалықтарынан сатып алынбақ. «Меніңше, шағын өндірісті ашу – өзінің өмірлік жолын кәсіпкерлікпен сабақтастыруға ниетті азаматтар үшін таптырмас белес. Оның маңыздылығын өз тәжірибеммен дәлелдегім келеді. Ауылдық кәсіпкерлерді біріктіріп, елді мекендерде шағын өндірістерді ұйымдастыруға ынталандыру қажет», – деп өз пікірін кәсіпкер жайып салды.
Кеңестің кезеңі құрдымға кеткен соң, ол дорбасын түйіп, Еуропаға аттанған. Германияның азаматтығын иеленді. Бірнеше жыл бойы жат мекенде түтін түтеткенімен, бірақ кейін туған атамекеніне оралуға бекінген. Әуелі кәсіпкер ынталы Герман елінен қоныс аударған азамат ретінде кәсіпкерліктің жілігін шағып, өз ісін ашуды ұйғарған.
Жобалыққа қуаттылық бағындырылмақ
Өнімді өткізуде маңдайы тасқа тимейтініне Галина Серікова да шүбә келтірмейді. Нәзік жан бүгінде жеке кәсіпкерліктің шаруасын дөңгелетіп отыр. 2007 жылдан бері Аққайың ауданында мұздатылған жартылай дайын өнімдерді шығаруға ден қойған. Тәулігіне өңделетін ет, картоп және сүзбе 150 келіге дейін жететін көрінеді. Қажетті шикізат жергілікті шаруа қожалықтары мен халықтан сатып алынады. Нәтижесінде нарыққа тұшпара, субүйрек, самса іспетті өнімнің 15 түрі ұсынылады. Оның бір парасы жеке дүкеннің сөресіне жайғастырылады. Бір бөлігі аймақтағы сауда нүктелеріне жол тартады. Бүгінде «Солтүстік Қазақстанда» жасалған белгілісі бар өнімдердің дәмін облыстардың тұтынушылары да татуда.
Сұраныс еселенген. Енді жеке кәсіпкерліктің тізгінін ұстанған нәзік жан өткізудің жаңа нарықтарын бағындыруды көздеп отыр. Толық қуаттылыққа көшіп, өндірісті жаңарту үшін заманауи құрал-жабдықтарды еншілеу жоспарланған.
Өнімнің атына заты сай екендігін «А лтын с апа», «Қ азақ станның үздік тауары» байқауларындағы лауреат дәлелдейді. Биылғы жылы да іскер нәзік жан еліміздің өнімдері сынында өз бақытын сынап көрмек.
Венера Мұстафина