Саудиялық кәсіпкер ауыл шаруашылығына 55 млн доллар инвестиция құюға ниетті
Нұр-Сұлтанда Қазақстан – Сауд Арабиясы инвестициялық бизнес-форумы өтті.
Саудиялық кәсіпкерлер отандық агроөнеркәсіп кешеніне жоғары баға беріп, салаға инвестиция тартуға ниетті екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бизнес-форумда Сауд Арабиясының инвестиция министрі Халид әл-Фатих қос мемлекет арасында сауда-экономикалық байланыс нығайып келе жатқанын жеткізді.
«Осы сессия аяқталған соң Kazakh Invest пен National Companies Promotion Program (NCPP) ынтымақтастық негіздемелік бағдарламасына қол қояды. Жарты күнде бизнес қауымдастық 7 келісім жасадық. Ертең тағы да келісім жасалады деген үміттемін. Бұл қос елдің бизнес қауымдастығы арасында байланысты нығайтады», – деді министр.
Жиынға мұнай-химия (SABIC, Alkhorayef Group, Aramco), энергетика (ACWA Power, Aljomaih Energy and Water Company, Desert Technologies), ақпараттық технологиялар (ELM, National Technology Group), АӨК (SALIC, Al Rajhi International for Investment Co, Hdeim Dates, Faidh International Food Company), денсаулық сақтау (Dr. Sulaiman Al-Habib Medical Group), фармацевтика (Jamjoom Pharma), логистика (Zajil), туризм (Seera), жеңіл өнеркәсіп (Ajlan & Bros Group), сауда (Saudi Industrial Export) және тағы басқа салалардағы ірі 30-ға жуық компанияның өкілдері қатысты.
Нәтижесінде бірқатар меморандумға қол қойылды: Transtelecom АҚ мен NTG, Compas компаниясы пен Seera холдингі (туризм бойынша), SkuWay мен Seera холдингі (туризм бойынша), Kazakh Travel мен Seera холдингі, Ramadan foods пен United Feed Manufacturing company арасында.
Kazakh Invest ұлттық компаниясы Инвестиция тарту бойынша жетекшісі Сәкен Олжабаевтың айтуынша саудиялық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру және тағы басқа салаларға қызығушылық танытып отыр.
«Ірі саудиялық компаниялар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, энергетика және тағы басқа салаларда жұмыс істейді. Сауд Арабиясы өкілдерінің айтуынша, компаниялар Қазақстанға инвестиция құюға ниетті, қызығушылық өте жоғары. Бүгінде Сауд Арабиясынан тікелей инвестиция көлемі – 117 млн доллар. Бірақ бұл қос ел арасындағы сауда-ынтымақтастық әлеуетін толық көрсетпейді», – деді ұлттық компания өкілі.
Оның айтуынша, шетелдік бизнесмендер Қазақстанда ірі қара мал өсіріп, ет өңдейтін кәсіпорын ашқысы келеді.
United feed manufacturing company бас директоры Таригаль Жамаз аталған салаға 55 млн доллар көлемінде инвестиция тартуға ниетті. Ол әзірше нақты қандай жоба жүзеге асырылатынын айта алмайтынын жеткізді. Бірақ келіссөздер жүріп жатыр екен.
«Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін түсінеміз. Сондықтан осы салада жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Мәселе қарастылырып жатыр. Жобаның құны – 55 млн доллар. 2 жыл техникалық-экономикалық негіздеме жұмыстары жүргізіледі. Жоба елдің оңтүстігінде жүзеге асырылуы мүмкін. Қай өңір екенін нақты айта алмаймын», – деп түйіндеді сөзін саудиялық кәсіпкер.