Президент жолдауы: АШМ тапсырмаларды қалай іске асыратын болады?
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы айтып берді. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Атап айтқанда, бастапқы өндірістен қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу үшін инвестициялық субсидиялар шеңберінде стандарттарды 50%-ға дейін арттыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуды ынталандыру шаралары әзірленеді, сондай-ақ салық саясатын қайта қаралатын болады, деді АШМ басшысы.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға инвестицияларды, оның ішінде трансұлттық компанияларды белсенді тарту жоспарланып отыр. Ет, сүт және астық, сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту басым бағыттарға айналады. Нәтижесінде АӨК экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім экспортының үлесі 70%-ға дейін жеткізілетін болады.
Ербол Қарашөкеев қолданыста Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша АӨК-дегі ірі жобаларды қаржыландыру бойынша бағдарлама барын еске салды. Биыл 65 сүт-тауар фермасын салуға 100 млрд теңге бөлінді, бұл сүт өндіру көлемін 373 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2024 жылы жобаны іске асыруға тағы 100 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан жылдан бастап ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту есебінен ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын ауқымды іске асыру басталды.
Ауыл тұрғындарына жеңілдікпен шағын несие беруге 100 млрд теңге бөлінді. Заңнамалық негіз қалыптастырылып, ауылшаруашылық кооперативтері үшін инвестициялық субсидиялау шеңберінде 50%-ға дейін көтерілген нормативтер және жеңілдікті салық салу көзделген, – деп атап өтті АШМ басшысы.
Бұдан басқа, машина-трактор паркін жаңарту мақсатында биыл Президенттің тапсырмасы бойынша «Жасыл Даму» қаражатынан отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 20 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар жемшөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін қаржыландыруға 20 млрд теңге бөлінді. Жалпы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгеден асады. Болашақта бұл көлемді ұлғайту жоспарланып отыр.
Ербол Қарашөкеев сондай-ақ дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтау және жаңа экспорттық бағыттарды жоспарлы түрде ашу жөніндегі шараларын баяндады. Өнім экспортын дамыту үшін қазіргі кедергілерді алып тастау, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу, әлеуетті импорттаушылармен және шетелдік әріптестермен келіссөздер процестерін жандандыру есебінен экспорт номенклатурасын одан әрі кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасын табады. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпорындарды экспорттаушылардың шетелдік тізілімдеріне енгізу жұмыстарыда жалғасады.
«Білім-ғылым-өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, дамыған елдердің тәжірибесі бойынша аграрлық ғылым жүйесін реформалау жүргізілетін болады. Ғылымның нақты өндірістен алшақтығын еңсеру керек, деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, технологиялар трансфертін дұрыс орнату жоспарланып отыр. Отандық ғалымдар өнімділікті арттыру немесе жануарлардың салмағын арттыру үшін әлемдік тәжірибеде бұрыннан белгілі және қолданылатын жаңалықтарды бейімдейтін болады. Ол үшін ұлттық Аграрлық ғылыми-білім беру орталығы веритикалды интеграцияланған агротехнологиялық хабқа айналады.
Танылған шетелдік агрономиялық орталықтарымен толыққанды ғылыми-практикалық ынтымақтастық орнату, сондай-ақ жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдау және білім беру бағдарламаларын аграрлық сектордың қажеттіліктеріне қарай бейімдеу көзделген.
Өсімдік шаруашылығында жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту, суды көп қажет ететін және дара дақылды егістерді қысқарту арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары күшейтілетін болады.
Бұдан басқа, климаттың өзгеруіне бейімделген отандық селекция жүйесін, тұқымдар мен отырғызу материалдарын қадағалаудың ақпараттық жүйесін құру жөніндегі шараларды көздейтін 2024-2028 жылдарға арналған селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілетін болады.
Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясының тұрақтандырушы рөлін белсенді пайдалану мақсатында оның қызметі тек астықтың ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерінің бағасының құбылмалылығын төмендетуге бағытталатын болады. Ол үшін Азық-түлік корпорациясының ауыл шаруашылығы өнімдері нарығында тауарлық интервенциялар жүргізу тетігі пысықталып жатыр. Сондай-ақ, оның тарапынан өңдеушілер үшін белгіленген бағамен үшжақты форвардтық сатып алуды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және өткізудің толыққанды желісін құруда жеке нарыққа жәрдемдесетін болады.