Павлодарлық шаруалар ішкі нарықты сапалы көкөніспен қамтиды
Ертіс өңірінің әкімдігі жергілікті нарықты картоп және сәбізбен қамту бойынша шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңір шаруалары картоптың 700 мың тоннасын жинаған. Бұл – өткен жылға қарағанда 20%-ға артық көрсеткіш.
Құжат негізінде қоймаларға 20 мың тонна картоп пен бес мың тонна сәбіз салынады. Көкөністі саудалау мен баға саясатын жергілікті билік бақылауға алады. Айта кетейік, өткен жылы картоп пен сәбіздің сапасына қатысты шағымдар болған. Облыс басшылығы көкөністі босату бағасын келісі үшін 100 теңге шамасында сақтауды көздеп отыр.
– Меморандумға сәйкес аймақтың 36 фермері көкөністі өздерінің қоймаларында сақтайтын болды. Өңір шаруалары жыл сайын мемлекеттік қолдауға ие. Мәселен, соңғы 12 жыл ішінде суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың құрылысына 20 млрд. теңге бөлінген. Осы жылы мемлекеттік бюджет есебінен бес мың тоннаға жуық картоп тұқымы сатып алынды. 360 млн. теңге жұмсалды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы екі жарым жыл ішінде АӨК саласындағы өндіріс көлемі екі есе артқан.
Ендігі мақсат – әлеуметтік дүкендер, жәрмеңкелер мен фермерлік базарларды сапалы өніммен қамтып, баға мониторнгін жүргізу.