Павлодарда ауыл шаруашылығы саласында қандай проблемалар шешімін таппай отыр
Павлодарлық көкөніс өсірушілер егіс науқанын аяқтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімі баспасөз қызметінің Telegram парақшасына сілтеме жасап.
Облыстың көкөніс қоймасы – Черноярск ауылдық округінде пияз, картоп, қырыққабат егіліп, сәбіз отырғызу науқаны жалғасып жатыр. Павлодар ауданына барған аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов шаруа қожалықтарының жоспары жөнінде біліп қайтты. Павлодар облысының әкімі жұмыс сапарын Новочерноярка ауылынан бастады. Өткен жылы мұнда ұзақ жылдар бойы иесіз қалған көпқабатты үйлер қалпына келтіріліп, оларға инженерлік желілер тартылған. Қазір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сәйкес елді мекенде жол және әлеуметтік инфрақұрылым жақсартылып жатыр.
Бүгінде ауылдық мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
– Новочернояркада көшелер жөнделіп, биыл біз баскетбол мен волейболға арналған ойын алаңын орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаев. – Сонымен қатар, біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріміздің арқасында мұнда балалар алаңын жабдықтау ниетіміз бар.
Жергілікті көкөніс өсірушілер бүгін қызу науқанын өткізіп жатыр. Олар пияз, картоп, қырыққабат егіп, қазір сәбіз отырғызу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Аграршылар мойындағандай, олар жаңбырды асыға күтіп жүр. Алайда, жауын-шашынға тәуелді болмас үшін фермерлер құнының 50%-на дейін мемлекет субсидиялайтын суару жабдықтарын сатып алды.
Олар аймақ басшысының алдында арзан жанармайдың ұтымды бөліну мәселесін көтерді: ережеге сәйкес жағармай көлемі егіс көлеміне қарай бөлінуі тиіс болса да, ұсақ шаруа қожалықтары 1–2 тоннадай ғана отын алады.
– Бұл істің әлегі көп, сондықтан көптеген адамдар арзан жанармайдан бас тартып отыр, – дейді «Родник» шаруа қожалығының жетекшісі Геннадий Андрейцев. – Мәселен, біз бір гектарға 53 килограмға жуық қырыққабат өсіреміз. Осы өнімді өсіру үшін гектарына алатын 60 литр дизель біз үшін жеткіліксіз, өйткені біз үнемі көшетімізді суарып, өңдеп отыруымыз керек.
«Эльдар» шаруа қожалығында Әбілқайыр Сқақовқа механизаторлардың жетіспеушілігі мәселесі айтылды.
Әкім осы мәселені шешу үшін белсенді жұмыс жүріп жатқанына сендіре отырып, сонымен бірге бұл проблема аграрийлердің бастамашылдығына да байланысты екендігін айтты.
– Адами капиталсыз даму жоқ, – деді аймақ басшысы. – Фермерлер біздің ауыл шаруашылығына мамандар даярлайтын колледждермен байланыста болып, олармен келісімшарт жасасуы керек. Жастармен кәсіптік бағдар беру жұмысы екінші немесе үшінші курстан бастап жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ, облыс әкімі 300 тоннаға жуық өнім өндірген «Turkey PVL» ЖШС құс фабрикасына барды.
Бүгінгі күні бес жаңа құс күркесін орнату және таза ет өндірісінің көлемін тәулігіне 10 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
– Бүгін біз Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында жұмыс істеп, Батыс Қазақстан мен Ресейдің нарығына шығып жатырмыз, – деп атап өтті компания директоры Ербол Досыбаев. – Біз күркетауық етінен жартылай фабрикаттар шығарайық деп жатырмыз. Ол үшін біз неміс компаниясымен келіссөздер жүргізіп, қажетті жабдықты таңдап жатырмыз.
Новоямышево ауылының маңында тағы бір ірі жоба іске асырыла бастады – мұнда көптеген жылдар бойы пайдаланылмаған 1,6 мың га алқапта суару жұмыстары қайта жаңғыртылуда.
Биылғы жаздың өзінде «Агро-Трейд ПВ» ЖШС 600 гектарға жуық жерді суландырып, картоп, жемдік жүгері мен жоңышқа өсіре бастамақ.
Болашақта мұнда 1,2 мың бас ірі қара малға арналған сүт фермасы да жоспарланған.
– Қазір біз өз есебімізден жұмыс істеп келеміз, – деді кәсіпорын басшысы Қуаныш Темірғалин. – Біз дайындаған жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп, «Бәйтерек» холдингінде мақұлданды. Егер біз жобаны қаржыландыру үдерісін жеделдете алсақ, сүт фермасын келесі жылы пайдалануға беруге дайынбыз. Бұл нақты сөзіміз.
Әбілқайыр Сқақов жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізіп, суару және сүт-ет өндірістерін дамытуға бағытталған кешенді жобаларының әрдайым құпталатынын атап өтті.