Павлодар облысында ветеринарлық станциялар қайта құрылып жатыр
Павлодар облысында ветеринарлық қызмет кезекті рет қайта құрылып жатыр. Бұған дейін қалалық және аудандық болып ұйымдастырылған мал дәрігерлік қызметі тиімсіз болып шықты. Ветеринарлар арасында «жалақы уақытында төленбейді, көлік шығынын өзіміз көтереміз» деген шағымдар көбейді. Алайда облыстық басқарма өкілдері мұндай пікірмен келіспейді және барлық станцияларды біріктіріп, қаржылық шығынды бір қолға өткізуге шешім шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Ақсудың ветеринарлық бекеті бір жылда екі мәрте қайта ұйымдастырудан өтті. Олар да 2021 жылдың басында басқа бекеттер сияқты жалақыны уақытында ала алмаған. Себебі ветеринарлық қызмет аудандық бюджеттен облыстық бюджетке ауыстырылды. Қазір қаржылық-шаруашылық қызметтерді өздері жүргізеді. Осының арқасында мал дәрігерлерінің жалақысы екі есе өскен.
Гүлмира Дүйсембинова, ветеринар-фельдшер:
– Біз бұрын 75 мың теңге алатынбыз. Қазір жалақымыз 175 мың теңгеге өсті. Бұл жұмысқа деген ынтамызды арттырды.
2021 жылы облыс эпизоотикаға қарсы іс-шараларды жүргізуге 1 миллиард 188 миллион тенге бағыттаған. Қаржы 13 қалалық және аудандық ветеринарлық бекеттерге бөлінді.
2021 жылдың жазында мал дәрігерлерінің жалақысын көтеруге тағы да қаржы қарастырылды.
Бақытжан Әбдірахманов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі:
– 2021 жылы қосымша 390 миллион теңге бөлінді. Бұл ветеринарлар мен осы сала қызметкерлерінің жалақысын екі есе көтеруге мүмкіндік берді. Осының арқасында білікті мамандарды сақтап қалдық. Бүгінгі таңда ветеринария саласында кадр тапшылығы жоқ.
Ветеринарлық бекеттер бюджеттерін өз бетінше жұмсай бастады. Шығынды жабуға бағытталған қаржының жетпей қалғаны бәлкім содан болуы мүмкін дейді жоғарыдағылар. Себебі әлеуметтік желілерде жасырын шағымдар пайда болды. Онда мал дәрігерлері қызметтік көліктерін өз есебінен жөндетіп, жанармайға қажет соманы қалталарынан шығарып жүр делінген. Бұл жағдай жуық арада шешімін табатын болды. Енді барлық ветеринарлық бекеттер облыстық басқармадан, яғни орталықтан қаржыландырылады.
Мират Тиканов, Ақсу қаласы ветеринарлық бекеті жетекшісінің м.а.:
– Біз заңды кәсіпорынға жатамыз. Сондықтан ішкі бюджеттік жоспарлауымыз бар. Әрбір жетекші бюджетті жоспарлай алады. Жалақы төлейді, актокөліктерге жанар-жағармай сатып алады. Қажет болғанда көліктер жөндеуден өткізіледі.
Соңғы рет ветеринарлық бекеттер 2012 жылы жабдықталыпты. Ол кезде саланы басынан бастап қайта құруға тура келген. Артынан ветеринарлық басқарма таратылып, мал дәрігерлері аудан әкімдіктеріне қарайтын болды. Бұл аймақтың эпизоотикалық ахуалының нашарлауына әкеп соқты. Содан бері 10 жыл өтіпті. Ветеринарлық жүйеге тағы да өзгерістер енгізіліп жатыр.