Павлодар облысында тұрғындардың 90%-ы жұмыспен қамтылған ауыл бар

Шарбақты ауданы Орловка ауылдық аймағының әкімі Ирина Галлямова мұндай жетістікке қалай жеткені жайлы айтып берді, деп хабарлайды pavlodarnews тілшісі.

– Біздің округте жұмыссыздардың жоқ екендігі маңызды және бұл үлкен жетістік деп санаймын, – дейді Ирина Галлямова. – 1142 тұрғынның ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 601 адамды құрайды. Оның ішінде 541-і немесе 90%-ы тұрақты жұмыс істейді. Олар «Победа» ЖШС-нде, мекемелерде, сондай-ақ 26 жеке кәсіпкерлікте еңбек етеді. Тең жартысы әйел адамдар дүкендер мен дәріханаларды, шаштараздарды басқарады.

Облыс бойынша ең үздіктердің бірі болып табылатын Орловка ауылдық округінің әлеуметтік саласына жыл сайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 100 миллион теңгеге жуық қаржы салынады. Шағын және орта бизнес өкілдерінің саны артып, жаңа нысандар ашылуда.

– Орловка ауылдық округінің әкімі лауазымына 26 жасымда тағайындалдым, – дейді Ирина Галлямова. – Осы жылдың қараша айында 15 жыл толады. Мемлекеттік қызметті статистика жетекші маман ретінде бастадым. Әрине, басшылық қызметінде өз қызметін бастау қиын болды. Ауыл тұрғындары қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарайтын. Бізде барлық әлеуметтік сала нысандары – орта мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі жұмыс істейді. Округ аумағының жалпы көлемі 32,0 мың гектар, оның 28,5 мың гектарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер алып жатыр.

Ауыл әкімділігі су құбырының құрылысын аяқтау, кентішілік жолдарды жөндеу, жергілікті мәдениет үйінің екінші қабатын жөндеу сияқты бірқатар міндеттер қойып отыр.

– 2015 жылы БҰҰ 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласы бағдарламасын қабылдады, – дейді ауыл әкімі. – Ол кедейлікті жоюға, ғаламшардың ресурстарын сақтауға және әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған 17 мақсаттан тұрады. Маған біздің республикамызда «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» атты сегізінші мақсат бойынша көшбасшысы болуға сенім артылды. Осы міндетті шешу үшін бизнеске тең мүмкіндіктер жасау қажет. Соның арқасында тұрғындар табыс деңгейіне немесе әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне қарамастан өнімді жұмыс таба алады.

Айта кетерлігі, 2017 жылы Ирина Галлямова мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық байқаудың жеңімпазы атанған. Биылғы жылы ол Нұр-Сұлтандағы ауыл әйелдерінің екінші республикалық форумына қатысады.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы