Парижде қазақстандық өнім кәсіпкерлерге таныстырылды
Француз саудагерлері қазақстандық өнімге қызығушылық танытып отыр. Бұған отандық өндірушілер мен Еуропалық сауда компаниялары арасында өткен кездесу нәтижесі дәлел, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Француз сауда желісінің кәсіпкерлері Париждегі Қазақстан елшілігінде жиналып отандық тауарды экспорттаушылармен қашықтан келіссөз жүргізді. Ал елімізде шығатын өнімді қолымен ұстап, дәмін татып көрді. Алғашқы презентацияға ұйымдастырушылар Алтай балы, еттен жасатылған адал ((халал)) өнім, тоқыма өндірісі мен ауылшаруашылық құрал-жабдықтарды ұсынған. Қазақстандық тауарлар шетел кәсіпкерлерінің көңілінен шықты.
Лора Наум-Моатти, LSA сауда компаниясының өкілі:
– Шын мәнінде бұған дейін Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі болған жоқ. Алдағы уақытта біз танысқан тауар түрлерін елімізде саудалауға ниеттіміз. Мәселен, өнімдердің сапасы көңілімізден шықты. Ең бастысы оларды еуропалық стандарт бойынша шығару мүмкіндігі бар.
Шара ұйымдастырушылары шикізаттық емес экспортты Еуропа аймағында дамытудың болашағы зор дейді. Қазір бұл істі заңды түрде куәландыру үшін тиісті құжаттармен қазақстандық тарап айналыса бастады. Еуропа нарығындағы бәсекелестік ортада қазақстандық тауардың сапасы мен баға саясаты дұрыс жолға қойылса сұраныстың арта түсуі бек мүмкін. Елімізде шикізат емес тауарды экспорттау үшін мемлекет тарапынан да мықты қолдау бар. Ал әлемді жайлаған пандемия жаңа нарыққа шығудың мүмкіндігін арта түсті дейді сарапшылар.
Дмитрий Родин, «Advantage Kazakhstan» компаниясының басшысы:
– Еуропада тіркеліп үлгерген қазақстандық тауарлардың таныстырылымы өтті. Кей компаниялар коронавирус пандемиясына қарамастан жүргізіп отырған ісін бір ізге қойып алған. Өнімдер біздің және елшіліктің көмегі арқылы Еуропаға жеткізілді. Бұл бастаманың болашағы зор екеніне сенімдімін.