«Өзен ағыны азайған». Министр көрші елден келетін су туралы айтты
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көрші елдерден келетін су мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық өзендер. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің (Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және Орталық Азия елдері) су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария (90%), Жайық-Каспий (80%), Шу-Талас (75%), Балқаш-Алакөл (45%) су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай (12%) және Ертіс (20%) су шаруашылығы бассейндері неғұрлым осал болып отыр, – деді Су министрі.
Министрдің мәлімдеуінше, География және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша (2023 жылғы 1 наурыз) 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы келеді.
– Осыған байланысты трансшекаралық ағынды азайтудың ықтимал үрдісін ескере отырып, 2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің біріне айналуға тиіс. Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді, – деді Нұржігітов.
Су министрінің сөзінше, мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы келісімдерге қол жеткізбек. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдер алдағы жоспарда бар.