Отандық бал Мажарстанға жеткізіледі
Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан өңірінің омарташылары Мажарстанға бал жеткізеді, жеп хабарлайды 24KZ.

Отандық өнімнің ең алғашқы болып дәмін татқан мажарлықтар бірден 20 тоннасына тапсырыс беріпті. Қазір балдың түр-түрін Венгрияға жеткізудің жолдары талқыланып жатыр. Бұған дейін еуропалық ел өнімді Испания, Польша, Түркия мен Германиядан экспорттап келген. Қазақстандық балдың сапасы олардан артық болмаса, кем емес. Сондықтан мажарлық екі бірдей дистрибьютер біздің өнімді Венгриядағы дүкен сөрелеріне жеткізуге ниетті. «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы отандық омарташылардың өнімдерін ЕуроОдақтың сертификаттауынан өткізіп, экспорттауда қолдау көрсетеді.
Жанар Ақбердиева, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы Экспорттық акселерация және оқыту департаментінің аға менеджері:
– Қазтрейдтің қазіргі мақсаты үлкен партиялы өндірісті жіберу ғана емес, біз ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша тауар жеткізумен айналысқымыз келеді. Яғни бүгінгі таңда Мажарстанға 20 тоннадан астам өнім жеткізу тапсырысы түсті. Ал Қытайға бүгінгі таңда ай сайын бір тоннадан астам бал жеткізу жоспарда бар.
Қазақстандық ұн АҚШ нарығына шықты
АҚШ-тағы наубайханалар қазақстандық ұнды қолданатын болды. Атлант мұхитының арғы бетіне отандық ұнның 50 тоннасы жөнелтіліпті. Бидай ұнының алғашқы 50 келісі Нью-Йорқа жеткізілген. Amazon және Walmart-тың онлайн –дүкендерінде саудаға шығарылды. Ендігі меже – Америкаға ай сайын 100 тонна ұн жеткізу. Қазір мейрамхана, дәмханалар мен қоғамдық тамақтану желілерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Логистика-тасымал қиындықтарына қарамастан, Costco, Whole Foods және Trader Joe’s сияқты америкалық ритейл-желілеріне шығу жоспары бар.
Әлімжан Омаров, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы Экспорттық акселерация және оқыту департаментінің бас менеджері:
– Ең алдымен ұнның сапасы, яғни құрамында ГМО мен өзге де қоспасы жоқ, табиғи өнімге сұраныс жоғары. Америкада тұратын қазақстандықтар Қазтрейд пен сауда және интеграция министрлігінің көмегімен осы мәселелерді біртіндеп шешіп, АҚШ нарығына шықтық.















