Отандық азық-түлік өндірушілері салаға қысым күшейгенін мәлімдеді

Отандық азық-түлік өндірушілері биыл қаржылық жағдайларының нашарлағанын мәлімдеуде. Салалық одақ өкілдерінің айтуынша, салық жүктемесінің артуы мен ЕАЭО елдерінен келетін өндірушілермен арадағы тең емес бәсекелестіктің күшеюі бизнеске түсетін қысымды арттырып отыр. Бұл туралы «Ақпараттық ресурс» агенттігі хабарлайды.

Фото: «Ақпараттық ресурс» агенттігі

Сонымен қатар, заңға бағынатын бизнеске қазыналық жүктеменің артуына байланысты, заңсыз импорттаушылардың заң талаптарын айналып өтуге деген құлшынысы артты. Салалық одақтар жаңа жылда азық-түлік өнімдерінің «сұр импорты» өсіп жатқанын, бұл заңды тауарларға қосымша қауіп төндіретінін атап өтуде. Бұл мәселе қолданыстағы бақылау процестерінің заңнамалық тұрғыдан дәрменсіздігінен туындады. Атап айтқанда, шекарадағы бақылау-өткізу пункттері мен түпкілікті мекенжайдағы аумақтық бөлімшелер арасында іс-қимыл байланысының жоқтығы, импорттаушы тауарды тексеруге ұсынбаған жағдайда заңмен белгіленген жауапкершілік шараларының қарастырылмауы, әкелінетін өнімді зертханалық зерттеу кезіндегі формализм және басқа да көптеген түйткілдер бар. Ал жаңа салық заңнамасына байланысты бұл мәселелер адал жұмыс істейтін қазақстандық тауар өндірушілердің жағдайын одан сайын қиындата түспек. Сала өкілдері тамақ өнімдерінің «сұр импортын» түп-тамырымен жою үшін ұлттық заңнаманы қайта қарауды маңызды әрі қажетті шара деп санайды.

Алайда өндірушілердің айтуынша, ең үлкен мәселе – жергілікті сауда желілерінің өнімді өткізуге қоятын талаптары. Сауда орындары тауарды сөреге қойғаны үшін, оны сұрыптағаны үшін, тіпті жарнама жасап, маркетингін жүргізгені үшін де өндірушіден түрлі «ретробонустар» мен қосымша ақы талап етеді. Кейде мұндай «қызметтердің» түрі жиырмадан асып жығылады.

Бұл жерде сауда желілері мұндай қызметтердің құнын өнімнің сату бағасынан тікелей шегеріп тастайды. Сонымен, егер өндіруші өз тауарын сауда желісіне, айталық, 100 теңгеге өткізсе, іс жүзінде оның қолына 80-нен 60 теңгеге дейін ғана ақша тиеді. Яғни, тауар құнының 40%-ына жуығын сауда желісі өз пайдасына алып қояды. Бұл әлі сауда үстемесін есепке алмағандағы жағдай.

Неліктен өндірушілер мұндай шарттармен жұмыс істеуден бас тартпайды? Себебі ірі супермаркеттер – азық-түлік өнімдерін өткізудің негізгі арнасы. Қазақстанның әр қаласында сауда желілерінің бірі монополист болғандықтан, өндірушінің барар жері жоқ. Сауда желілері осыны пайдаланып, тиімсіз ынтымақтастық шарттарын таңады. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінде сауда желілері өз табысының 70%-ын өндірушілерден алатын осындай алым-салықтардан, ал тек 30%-ын ғана тауар үстемесінен табады.

Ал әлемдік тәжірибеде жағдай мүлдем басқаша: ритейлдің негізгі пайдасы тауар үстемесінен құралады. Сала өкілдерінің айтуынша, қазақстандық нарықта сауда желілері өздерінің басым жағдайын пайдаланып, өндірушілердің есебінен ақша табатын модель қалыптасқан.

«Сауда желісі қызмет көрсету желеуімен өнім бағасының 40%-ына дейін ұстап қалса, өндірісті дамыту туралы айту мүмкін емес. Кәсіпорындарда дамуға да, өнім түрін көбейтуге де, өндіріс желілерін жаңартуға да, жаңа жұмыс орындарын ашуға да қаражат қалмайды. Нәтижесінде отандық өндіріс қысқарып, сөрелерді импорттық өнімдер басады. Қазақстандық өндірушілер ішкі нарықта өз үйінде емес, қонақ сияқты сезінетін жағдай мүлдем дұрыс емес. Бүгінде қазақстандық өндіруші импорттық өнім жеткізушілермен салыстырғанда әлсіз позицияға қойылған. Дамыған елдердің көбінде ұлттық өңдеушілерге басымдық беріледі, ал бізде сауда желілерінің мүддесі отандық өндіріс мүддесінен жоғары қойылып отыр», — дейді «Қазақстанның сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.

Сала мамандары өндіріс пен сауда арасындағы мұндай өзара іс-қимыл моделінің іс жүзінде азық-түлік бағасын жасырын тежеу механизмі ретінде қолданылып отырғанына назар аудартады. Өйткені Үкімет басшылығы баға өсімін бақылауды Сауда министрлігі үшін әрдайым басты міндеттердің бірі ретінде қояды. Сауда желілерінің табысы үстеме бағадан емес, өндірушінің сату бағасынан қаражатты шегеріп тастау есебінен құралғанда, бұл өндірушілердің табысын төмендету арқылы бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Алайда, сала өкілдерінің пікірінше, бағаны өндірушінің есебінен тұрақтандырудың мұндай тәжірибесі өте келте ойланғандық. Себебі сауда саласы отандық өндірісті жылдар бойы тұншықтыруға мүмкіндік алады. Бұл жергілікті кәсіпорындардың толыққанды дамуына және бәсекеге қабілетті болуына, ал жалпы ел экономикасына – өнім импорты мен өзге елдің инфляциясына тәуелділікті азайтуға жол бермейді.

Осы жағдайлардың салдарынан көптеген жергілікті кәсіпорындар нарықтан кете бастады. Сала мамандарының айтуынша, бұл мәселелер бүкіл ел бойынша өндірушілер санының айтарлықтай қысқаруына әкеп соқты. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығаратын жиырмадан астам кәсіпорын жұмыс істесе, бүгінде олардың тек екеуі ғана қалды. Бір кездері танымал болған көптеген компаниялар импортпен теңсіз бәсекеге және сауда желілерінің жұмыс шарттарына шыдай алмай, қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Мұндай процестер еліміздің барлық өңірлерінде жүріп жатыр. Ал біздің сауда сөрелерімізді нарыққа бекіп алу үшін демпингтік бағамен кіруге дайын шетелдік жеткізушілер біртіндеп иеленуде. Нарықты жаулап алғаннан кейін олар өз шарттарын қоюға және бағаны көтеруге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, ЕАЭО бойынша серіктес елдердің азық-түлік өндірушілері өз мемлекеттерінде Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде мемлекеттік қолдау алатындығы үлкен мәселе болып отыр, соның салдарынан олардың өнімдерінің өзіндік құны қазақстандық тауарлармен салыстырғанда төмен болады. Айта кету керек, өнім құнының қалыптасуына мемлекеттік қолдаудан бөлек бірқатар факторлар жиынтығы әсер етеді. Өзге елдердегі кәсіпорындардың өндіріс ауқымы үлкен, бұл оларға шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірқатар жағдайда ішкі нарыққа сапасы төмен импорттық өнімдер де түседі, бұл оның құнына әсер етеді. Сауда кәсіпорындары үшін қазақстандық өнімге қарағанда көрші елдердің жеткізушілерімен жұмыс істеу тиімдірек бола бастады, нәтижесінде сауда желілеріндегі импорттық азық-түліктің үлесі артып келеді. Мұндай жағдайда сауда желілері үшін шешім қабылдайтын басты фактор – тауардың сатып алу бағасы, ал бұл тұрғыда біздің кәсіпорындардың импортпен тең дәрежеде бәсекелесуі мүлдем мүмкін емес.

Салалық одақтар соңғы екі жыл бойы қолданыстағы ережелерді қайта қарау қажеттілігі туралы мәселені белсенді түрде көтеріп келе жатқандарын, алайда қазақстандық өндірушілердің мүдделерін қорғау бойынша әлі күнге дейін түбегейлі шешімдер қабылданбағанын атап өтуде.

«Бүгінде көптеген қалада іс жүзінде бір-екі сауда желісі бүкіл азық-түлік нарығының жұмыс ережелерін айқындап отыр. Мұндай жағдайда өндірушілерде баламалы сату арналары мүлдем қалмайды. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілерді қолдау шаралары кешенді түрде құрылуы тиіс. Бұл жүйеге ірі желілерден бөлек, шағын «үй жанындағы дүкендер» мен сауда базарлары да тартылуы керек. Дәл осы шағын сауда нүктелері жергілікті фермерлермен және өндірушілермен жиі жұмыс істеп, өнімдерді аз мөлшердегі партиялармен қабылдайды. Алайда ірі сауда желілері кішігірім кәсіпорындарды нарықтан ығыстырып шығаруда, бұл мәселе де мемлекет тарапынан назар аударуды талап етеді», — деп атап өтті Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаева.

Салалық одақтар өкілдері отандық өндірістің бұдан әрі әлсіреуі ішкі нарықтың импорттық өнімдерге тәуелділігінің айтарлықтай артуына әкеп соғуы мүмкін екенін алға тартады. Олардың пікірінше, Қазақстан Президенті талап еткендей, ұлттық өндірушілерді қолдау мемлекеттік органдардың нақты іс-қимылдарындағы экономикалық саясаттың басымдықтарының біріне айналуы тиіс. Мықты отандық өндірушілерсіз қуатты экономика болмайды, өйткені дәл солар жұмыс орындарын ашады, салық төлейді және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы