Оңтүстікте суармалы суды үнемді пайдалану маңызды – министр
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің алты ауданындағы су шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдымен министр облыс әкімдігінің өкілдерімен кездесті. Әкімдік қызметкерлері өңірде су тапшылығы проблемасының қалай шешіліп жатқанын айтып, Түркістан облысының су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің 2023-2030 жылдарға арналған Жол картасын таныстырды.
Кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» ШЖҚ МКК-не барды. Жергілікті мамандар «Арыс» және «Түркістан» магистральдық арналарында жүргізіліп жатқан жұмыстармен, соның ішінде автоматтандыру жүйесін таныстырды.
Сондай – ақ, «Боралдай» және «Бәйдібек ата» екі жаңа су қоймасының жобасы көрсетілді. Арыс қаласында Нұржан Нұржігітов «Ақдала» сорғы станциясының жұмысымен және ұзақ уақыт пайдаланылуына байланысты жаңғыртуды қажет ететін Арыс топтық су құбырының су айдау жүйесімен танысты. Министр бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтып, оны жергілікті әкімдікпен бірге мұқият зерттеуге уәде берді. Одан кейін министр Шардара ауданына барып, ирригациялық және дренажды жүйелерді (ПУИД-2) жетілдіру жөніндегі жобаның екінші кезеңі аясындағы жұмыстармен танысты. Сонымен қатар Ұзын Ата ауылдық округінде салынып жатқан тік дренажды сорғыларды қарап шықты.
Ислам даму банкімен бірлесіп іске асырылып жатқан ауқымды жоба шеңберінде 302 сорғы салу жоспарланған. «Алматы-Инжиниринг» ЖШС мамандары №16 ұңғыманың қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Шардара ауданының Жаушықұм ауылдық округінде Нұржан Нұржігітов Жаушықұм алабын игеру бойынша жұмыстардың барысымен танысты. Жоба Шардара су қоймасынан 12 мың гектардан астам жерді суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әрі қарай министр Шардара су қоймасына барды.
– Оңтүстік облыстарда суармалы суды тиімді және үнемді пайдалану маңызды. Су инфрақұрылымын жөндеу, арналарды тазарту мәселесі өзекті. Аймақта ауыз сумен де проблемалар бар. Барлық міндеттер кезең-кезеңімен шешілуі керек. Бірақ уақытылы және сапаға зиян келтірмеуі керек. Қазіргі уақытта министрлік желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Түркістан облысында ғана ондаған жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде біздің шетелдік әріптестеріміздің қолдауымен жүзеге асып жатқандары да бар, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.