Өнім өткізу нарығы кеңейеді
Бүгінде Қытаймен алыс-беріс күшейді. Құны 120 миллион долларға жететін отандық азық-түлік өнімдерін аспан асты елі тұтынады. Оның көлемі үш есе артады деп күтілуде. Қазақстандық тауар өндірушілер үшін жаңа өткізу нарығы ашылмақ. Отандық өнім қытайлық сауда орындарын бағындырады.
– Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді-дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстандық еттің дәмін қытайлықтар татпақ. Биылғы жылдың екінші жартысында отандық өнім аспан асты еліне жол тартады. Әзірге әлеуетті өткізу нарығына жол ашудың қам-қарекеттері қолға алынған. Оның өзі 4 кезеңнен тұрады: «Құжаттамалық талдау», «Ветеринарлық қызметтің аудиті», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жүйесін бағалау», «Кәсіпорындарды тізілімге қосу». Алғашқы екеуін қазақстандық тарап сәтті еңсерген. Енді Қытай өкілдері қалған екі кезеңді біріктіруге рұқсат еткен. Оның қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындардың бір бөлігіне өнімді жеткізу тізіліміне қосылуына рұқсатнама берілмек. Екі ай ішінде аталмыш рәсімдер аяқталып, біздің шаруалар өнімдерін тасымалдай алады деп күтілуде.
Бүгінде жылына 30 мың тонна сиыр етін және 360 мың тонна қой етін аспан асты еліне жөнелтуге қауқарымыз бар. Тек үлкен нарықтағы ойыншылар да осал емес. «Жалғыздың үні шықпасты» мықтап қаперге алған атқамінерлер бәсекелестікке төтеп берудің амалына кіріскен. Отандық өнімді бірыңғай ортақ бренд түрінде ұсыну діттеліп отыр. «Qazaq organic food» қытайлық тұтынушының дастарханынан табылып, сенімін иеленуі тиіс.
– Аккредитацияланған компаниялардың көмегімен брендті қалыптастыруға кірістік. Олар өндірісті тексеріп, сертификат тапсырады. Оның арқасында жергілікті шаруалар өздерінің өнімдеріне белгіні қойып, Қытай нарығына шыға алады», – деп қытайлық тараппен келіссөздердің барысын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бағамдады.
Қытайда бір келі еттің құны 6-8 доллар көлемінде құбылады. Ал органикалық өнімнің бағасы одан он есе қымбат бағаланады. Мұны ескерген қазақстандық шенділер соңғысына ден қоюды діттеп отыр. Сапалы отандық етті сертификаттап, органикалық өнім ретінде аспан асты еліне ұсыну жоспарланған.
– Біз өз өнімімізді қайда өткізе алатынымызды нақты айқындадық. Бірегей жағдайлар жасап, 15 минут ішінде кәсіпорынды тіркеп, барлық әкімшілік кедергілерді алып тастай аламыз. Бірақ өнімді өткізе алмасақ, кәсіпкерлік тұралап қалады. Сондықтан талдау жүргізіп, болашағы зор үш алып нарықты белгіледік: ҚХР, Ресей Федерациясы және жаңа ашылған бірегей мүмкіндік Иран. Халықтың тығыздығы мен саны үлкен нарықтар – біз үшін басымдыққа ие, – деп «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов жұмыс барысын тілге тиек етті.
Қытайлықтар қазақстандық балыққа да қолқа салуда. Ресми мәліметтерді тергіштесек, бүгінде балық өндірісімен айналысатын 24 кәсіпорын аспан асты елінің нарығын нысанаға алған. Таяуда олардың қатары тағы біреумен толығуы мүмкін. Бұл бағытта әзірге келіссөздер жүргізілуде. Жалпы биылғы бес ай ішінде 500 тоннаға жуық балық өнімдері Қытайға жол тартқан. Көбіне мөңке, көксерке, алабұға, шортан, ақтабан экспортталады. Енді оның жылдық көлемі 2 мың тоннаға ұлғаяды деп күтілуде.
Еліміздің дәнді дақылына да сұраныс еселенген. 2014-2015 жылдары қазақстандық сары алтынның 110 мың тоннасын, 2015-2016 жылдары 414 мың тоннасын аспан асты елі тұтынды. Оның көлемін көбейту жолында қос тарап келіссөздер жүргізуде. 3 жыл ішінде Қытайға экспортталатын дәнді дақылдың көлемін 1 миллион тоннаға жеткізу жайы пысықталу үстінде.
Венера Мұстафина
19.09.2016 ж. жауап