Мол астықтың игілігін кім көреді?
Биылғы астықтың көлемі былтырғыдай көп болмағанымен, сапасы анағұрлым жақсы. Бірақ диқандар осы ризықтың толықтай игілігін сезініп, бейнетінің зейнетін көре алмайтын түрі бар. Өйткені Үкіметтің кейбір шешімдері астық өндіру саласын дамытудан гөрі аяғын тұсаулап тастаған секілді, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 24 қыркүйектегі мәліметі бойынша, елімізде орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерден айналып, 14,8 млн тонна астық жиналған. Оның 11,6 млн тоннасы бидай. Орылған астықтың 91%-ы сапасының жоғары 1-3 дәрежелі жұмсақ бидай түріне жатады. Төртінші дәрежелі бидай сирек, ал бесіншісі санаттағыны мүлдем жоқ десе де болады. Былтыр бұл 3-дәрежелі бидай 83 % болса, 4-5 дәрежелі және санаттан тыс бидай түрі 16%-дан асқан. Биылғы бидайдың қамырлығы 28% және одан да көп. Бұл қамырлылық құрамы бойынша әлемдегі ең жоғарғы сапа, біздің астықтың бәсін арттырып тұрған да нақ осы қасиеті. Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ бидайының ең үздік сұрыптарының қамырлылығы 20-24%, Ресейдің оңтүстігінде де қамырлылық көрсеткіші осы шамалас, Англия бидайының қамырлылығы 18-20%-ға әзер жетеді. Сондықтан әлемдік нарықта қазақстандық бидайға деген сұраныс өте жоғары.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егін орағы кезінде диқандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің маңызына тоқтала келіп, ол жайында Үкіметке арнайы тапсырма бергенін жеткізді. Ол диқандардың егістік жұмыстарына қажетті заманауи техникамен қамтамасыз етілуі және мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несиелерге қолы жетуі керегін айтты. Сондай-ақ бұл мәселені «Nur Otan» партиясы бақылау комитеті ұдайы назарда ұстап отыратын болды.
Ұн экспортына шектеу көп
Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында «биыл құрғақшылыққа байланысты елімізде дәнді-дақылдардың шығымы азайғанымен, ішкі сұранысты астықпен толықтай қамтамасыз етеміз және бидайдың экспорттық әлеуеті де бұрынғы деңгей – 6 – 6,5 млн тоннадан еш төмендемейді» деп көңілді жұбатқандай қылды. Ал бірақ ұн өндірісіне, оның экспортының кемуіне құрғақшылықтың еш қатысы жоқ екені бесенеден белгілі.
2021 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстан 749,1 мың тонна ұн экспорттаған. Ақшаға шаққанда ол 207,6 млн доллар. Яғни, ұнның сыртқы нарықтағы сатылымы көлем бойынша – 11,5%-ға, ақшаға шаққанда 12,1%-ға арзандаған. Ең көп экспорт Өзбекстанға тиесілі (179 мың тонна), одан кейін Тәжікстан (32,3 мың тонна) және Қырғыз Республикасы (22,3 мың тонна). ТМД-ның құрамына енбейтін мемлекеттерге 487,9 мың тонна жіберілді, ол былтырғы көлемнен 8,6%-ға кем. Оның 64,9%-ын Ауғанстан сатып алды.
Шынтуайтында, ұн өндіру секторындағы жағдайдың құрдымға батып бара жатқаны бірінші жыл емес, оған тіпті биылғы қуаншылықтың да, кейінгі екі жылғы індеттің де тигізген кесапаты шамалы. 2000 жылдардың басында Тәжікстан экспорттық ұнға 18% және бидайға 10% қосымша құн салығын қосқанда біздің ұн өндірушілер тәжік нарығын жоғалтты десе де болады. Мысалы, 2008 жылы Қазақстан Тәжікстанға 450–500 мың тонна ұн өткізсе, 2012 жылы оның көлемі 50 мың тоннаға дейін құлдырап кеткен. Ал бидай экспорты керісінше, ұлғайып 1 млн тоннаға жетті. 2013 жылы нарық заңдарына қайшы мұндай әдісті Өзбекстан да қолданды. Олар өздерінің ұн өңдеу кәсіпорындарын дамытуды қолға алды, экспорттық өнімдерге қойылатын салықтарды көбейтті. Сөйтіп біздің республика оңтүстіктегі көршілерге дайын өнімдерді жеткізуді бірте-бірте азайтып, шикізат беруші елге айналып барады. Өзбектер мен тәжіктер қазақтың ұнын емес, негізінен бидайын ғана сатып алатын болды. Өзбекстанда судың, энергия көздерінің тарифі арзан, сондықтан ұн өңдеу құны төмен. Қазір ала шапанды ағайын қазақ бидайынан ұн өндіріп, онымен тек өзінің ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әрі қарай ұзатып, Ауғанстанға экспорттайтын болған. Мәселен, Өзбекстан ұнының экспорттық бағасы – 16 доллар, ал Қазақстандыкі – 53 доллар. Тиісінше олардың ұны бізге қарағанда 30 долларға арзан. Сондықтан ауғандықтар «өзбекстандық» ұнға қызығушылық таныта бастаған.
Күмәнді квота қол байлады
Ал Ауыл шаруашылығы экс-министрі Сапархан Омаровтың былтырғы ұн экспортын квоталау туралы шешімі жығылған үстіне жұдырық болып тиді.
– Бұрын барлық отандық өндірушілердің ұн экспортына шектеу қойылмайтын, енді мұндай рұқсат тек белгілі бір компанияларға және бекітілген көлем бойынша ғана берілетін болды. Соның салдарынан бірталай ірі өндірушілер диірмендерін жауып, тек бидай сатуға көшкен. Өйткені экспортқа ұн өндіріп шығарғаннан гөрі таза бидай тасымалдаған көп тиімді әрі машақаты аз,– дейді аграрлық сарапшы Кирилл Павлов.
Ол аздай, енді 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Үкімет бірінші сұрыпты ұнды биржалық тауарлар тізіміне енгізді. Бұл қадам тұралап жатқан ұн тарту кәсіпорнына тағы бір төтеннен келген соққы болып тиді. Оның шарты бойынша отандық ұн өндірушілер өз тауарын тек биржалық алаңдарда аукцион арқылы саудалауға міндеттелді. Ал біздің ұнды тұтынушы көршілес Азия елдері мұндай жаңашылдыққа дайын емес еді, сондықтан олар бұл саудалардан тыс қалды. Ал басты импорттаушымыз Ауғанстанның электронды саудаға қатысатындай базасы да, жүйесі де, кадрлары да жоқ еді. Тіпті, көпшілік ауған дүкендерінде интернет те жоқ. Соның салдарынан ауғандықтар өзбек ұнына ауысып барады.
Жоғарыдағы жайттарға байланысты елімізде ұн өндірісі күрт кеміді. Егер 10 жыл бұрын Қазақстан әлемдегі ұнның алдыңғы қатарлы экспорттаушысы болса, қазір бұл сала мүлдем құлдырап кеткен. Ол кездері елде 1 300 диірмен болса, қазір тек 270-сі қалған. Оның ішінде белсеніп жұмыс істеп тұрғандарының саны 120-дан аспайды. Бұл ішкі нарықты ғана емес, барлық көршілерді де ұнмен қамтамасыз етуге қабілеті жетер еді. Алайда өкінішке қарай республика аумағындағы диірмендер жеткілікті мөлшерде бидай сатып ала алмай, толық өндірістік қуаттылықтарында жұмыс істемейтін болды. Диірмендердің көпшілігі не тоқтап қалған, не банкротқа ұшыраған. Кейбіреулері тек 30% жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр.
Азық-түлік тағы қымбаттауы мүмкін
Қазір бидай ерекше қарқынмен және көп көлемде экспортталып жатыр әрі оның бағасына бақылау жоқ. Азық-түлік корпорациясы диқандардан 3-дәрежелі бидайдың әр тоннасын 103-тен 107 мың теңгеден сатып алады. Ал 4-дәрежелі бидайға – 98 мың теңге, 2-дәрежелі арпаға 87 мың теңге баға белгілеген. Дегенмен астықтың үшінші дәрежесінің бағасы қазірдің өзінде 115 мың теңгенің үстіне шыққан.
Сарапшылар бидай құнының бір апта ішінде 7 мың теңгеге өскенін айтады. Сұраныс ұсынысты тудыратыны белгілі, сондықтан алдағы күндері де астық экспорты толастамасы анық. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, келесі жылы біздің өз диірмендерімізде тартатын ұн мүлдем болмай қалуы мүмкін.
Қазақстанда қазірдің өзінде азық-түлік бағасы «ұшынып» тұр, тіпті кейбір өңірде тапшылық байқалады. Ұн жылдық динамикада 11,1%-ға қымбаттады. Әсіресе, Жамбыл (23,4%-ға) және Солтүстік Қазақстан (21,3%-ға) облыстарында, сондай-ақ Алматыда қымбатшылық (17,3%-ға) қатты. Бағаның ең төменгі жылдық өсімі Батыс Қазақстан облысына тиесілі – 0,9%. Егер 2020 жылы бір тонна бидайдың құны 75 мың теңге болса, қазір 115 мың теңге. Ол 130 мыңға дейін өседі деп болжанып отыр. Демек, ұнның бір тоннасы 173 мың теңгеге жетпек. Егер астық құны шартты түрде 20%-ға өссе, онда нанның құны ең көп дегенде 3%-ға қымбаттайды. Өйткені оған көптеген басқа компоненттер әсер етеді – электр энергиясы, су, май, қаптамасы және т.б.
Қуаңшылыққа байланысты барлық өңірлер малдың жемшөбінен таршылық көріп жатыр. Егер біздің диірмендер жүз пайыз жүктемемен жұмыс істейтін болса, біздің бидай шетелге шикізат ретінде сатыла бермей, өзімізде түбегейлі өңделсе, кебек те көп мөлшерде өндіріледі. Жемшөп те көбейер еді. Қазіргі қалыптасып отырған осы жайттардың бәрі қосыла келіп, күмәнді ойларға жетелейді.
Сарапшылар жаңа жылдан кейін ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету тіпті қиындап кететінін, келесі көктемге қарай нанның бағасы 140-150 теңгеге жетуі мүмкін екенін айтады. Бұл жағдайда халық қалай күнін көрмек, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал қорғалатын санаттағы жандардың тұрмысы қалай болмақ? Сонда төрт түлікті өсіруге және астықтың ең үздік сұрыпын өндіруге болатын мынандай ұлан-ғайыр жеріміз бола тұра, өз қолымыз өз аузымызға жетпей жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл енді ешқандай ақылға сыймайтын құбылыс!