Министрлік сындарлы диалогқа және ең күрделі мәселелерді талқылауға дайын – Ербол Қарашөкеев
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев азаматтық белсенділермен және жүргізіліп жатқан аграрлық саясатқа наразы фермерлермен жұмыс кездесуін өткізді. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Кездесуге қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді реформалау бағытындағы өзекті мәселелерді, Маңғыстау облысындағы жағдай бойынша және т.б. шаруалар тарапынан көтеріліп жүрген маңызды сұрақтарды талқылады.
Ведомство басшысы жиналғандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында агроөнеркәсіптік кешеннің алдына саланы реформалау міндетін қойғанын еске салды.
Кез-келген саланы реформалау өте күрделі міндет екенін мойындау қажет, кейде қарама-қайшы пікірлер туындайды және осы кезде барлық мүдделі тараптар арасында тиімді кері байланыс орнату мәселесі өте маңызды.
«Ауыл шаруашылығы саласы – экономиканың ірі және маңызды салаларының бірі және қоғамдағы өзгеруге келгенде аса сезімтал саланың бірі болып табылады», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Министрлік коммуникацияның тиімді арналарын құруды мақсат етіп отыр және бүгін өткен кездесу осындай кездесулердің біріне айналды.
Талқылау барысында Маңғыстау облысындағы қуаңшылықтың салдары, келесі жылы ауа райы қолайсыздығының орын алу мүмкіндігі және мемлекеттік органдардың оларға дайындығы, субсидиялау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық, ветеринариядағы кемшіліктер, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысының өзекті сұрақтары және басқа да шаруаларды мазалап жүрген маңызды мәселелер ашық айтылды. Сондай-ақ, аталған проблемаларды шешудің жолдары ұсынылды.
Ведомство басшылығы фермерлерді мұқият тыңдап, агроөнеркәсіптік кешенді реформалаудың негізгі мәселелері бойынша өз ұстанымын түсіндірді.
Бірінші кезекте субсидиялау тетіктерін жеңілдету және бағыттарын оңтайландыру, тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, субсидиялар түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағдарлануы тиіс, ал субсидия алушылар өздеріне тиісті міндеттемелерді алады.
Ветеринария саласында ветеринариялық қызмет нарығын дамыту үшін жағдай жасау, ветеринариялық қызметтер арасындағы өкілеттіліктердің шегін анықтау, тек жалақыны көтеріп қоймай, сондай-ақ ветеринарлық құжаттаманың негізгі бөлігін цифрлық форматқа көшіру арқылы қағазбастылықтан босату және басқа да шаралар арқылы қызметтің тартымдылығын арттыруға қол жеткізу.
Бұл ретте, ұсынылған шешімдер соңғы емес және министрлік әрқашан сындарлы диалогқа және күрделі мәселелерді тең жағдайда талқылауға дайын.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз барлық өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергеніне сенімдімін. Мемлекеттік органдар мен бизнес, ҮЕҰ әрдайым диалогта болуы тиіс, бұл ретте бір – бірінің ұстанымдарына құлақ асу керек», – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ведомство басшысы белсенді қоғамдық қызметі мен қуаңшылықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсеткені үшін Құрмет Болатханды министрліктің құрмет грамотасымен марапаттады.
Кездесу соңында министр барлық айтылған ұсыныстар мен пікірлер кеңес хаттамасына енгізілетінін және олар бойынша нақты шешімдер қабылданатынын айтты.