Микронесие барлық кәсіпкерге қолжетімді
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы микроқаржы ұйымдарын (МҚҰ) қаржыландыру үшін кредиттік желілер ашты. Қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған 15 микроқаржы ұйымы «Аграрлық несие корпорациясының» серіктесі. Ендігі кезекте аталған қаржы ұйымдары шағын бизнес үшін де жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие бере бастайды, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығын ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыруда оны мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін қарастыру мәселесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айрықша назар аударады. Стратегиялық құжатта Мемлекет басшысы микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосуға шақырады. Өйткені жергілікті жерде жұмыс істейтін бұл қаржы институттары тұтынушыларының мүмкіндіктерін жақсы біледі.
Жеңілдетілген несиені «Бастау Бизнес» сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курстарын тәмамдағандар ала алады.
– Олардың бизнес-бастамаларын қолдау үшін Жұмыспен қамту Жол картасы бағдарламасы аясында 22,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын бизнес өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Қаржылай қолдау төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие түрінде беріледі. Мал шаруашылығы саласындағы жобаларды несиелендіру мерзімі 7 жыл, басқа салаларда 5 жылды құрайды, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Айжан Кенжебаева.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай микронесиелендіру қолжетімді бола түсті. Ең бастысы, қолдау шаралары ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің аяққа нық тұруына мол мүмкіндік береді.
Несиеге өтінім беру үшін кәсіпкердің қолында «Бастау Бизнес» жобасының немесе басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша курстан өткенін растайтын сертификаты және кепіл мүлкі болуы қажет. Және өзінің бизнес-жоспарын сәтті қорғаған қатысушы ғана микроқаржы ұйымынан несие рәсімдей алады.
Микронесиенің ең жоғары сомасы ауылдық елді мекендер (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) мен шағын қалалардың тұрғындары үшін 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін болса (7,2 млн теңге); қалаларда, моноқалаларда (Шымкент, Ақтау, Атыраудан басқа) – 6,5 мың айлық есептік көрсеткішке тең (18,9 млн теңге). Ал Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында бұл көрсеткіш 23,3 миллион теңгенің көлемінде.
Қазір кәсіпкерлердің микроқаржы ұйымдарынан бюджеттік несие алуға мүмкіндіктері бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ микроқаржы ұйымдарынан жалпы сомасы 4 миллиард 700 миллион теңгеге өтінім қабылдады. Бүгінге дейін өтінімдерге сай жалпы көлемі 2,6 миллиард теңге болатын микронесие берілді.
Осы бағдарламаны іске асыру арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ шағын кәсіпкерлерді қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүдделі. Өз кезегінде қолдаудың дәл осы түрі арқылы ауылдық жерлерде азаматтардың әл-ауқаты артып, жаңа өндіріс ошақтары ашылады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, қызмет көрсету саласы дами түседі.