Мәжіліс депутаттары астық тасымалдау мәселелерін талқылады
Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінде Серік Егізбаевтың төрағалығымен тақырыптық отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес өкілдерінің қатысуымен астық тасымалының өзекті мәселелерін талқылады.
Жиынды ашқан Серік Егізбаев еліміз үшін астық тасымалы ең өткір мәселелердің бірі екеніне тоқталды. Депутаттар бұл тақырыпты жыл сайын талқылайды. Ол жылжымалы құрамның жетіспеушілігі мен өткізу қабілетінің шектеулілігі сияқты дәстүрлі проблемаларға биыл теміржол тарифтерінің өсуі қосылғанын айтты. Бұл жағдай астықты порттарға жеткізу құнына және отандық астықтың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Былтыр 25 млн тоннадан астам астық жиналды, оның шамамен 18,5 млн тоннасы – бидай. Биыл да өнім көлемі өткен жылмен шамалас болады деп күтілуде. Сондықтан осы қарқынды сақтап, тасымалдағы іркілістерді, шекарадағы кідірістерді болдырмау, экспорт нарықтарын жоғалтпауға және шаруалардың қаржылық шығындарының өсуіне жол бермеу аса маңызды. Осыған байланысты бүгін уәкілетті органдардың іс-әрекеттерінің қаншалықты келісілгенін талқылауымыз керек. Бір жағынан мемлекет тасымал шығындарын субсидиялауға едәуір қаражат бөліп отырса, екінші жағынан тарифтердің өсуі жалғасуда, – деді комитет төрағасы.
Өткен маркетингтік жылдың қорытындысы туралы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов баяндады. Оның айтуынша, осы кезеңде астық жүгінің көлемі 45 пайыз артып, 13,3 миллион тоннадан асқан.
Қолданыстағы жылжымалы құрам паркі астық тасымалдауға жеткілікті. Мысалы, астық таситын цистерналар саны 16 300, ал ұн тасымалдайтын жабық вагондар саны 16 500 бірлікке жетті. Ұлттық операторда 1 700 локомотив бар. Мемлекетаралық пункттер де астық тасымалдауға дайын, ол жердегі пойыздардың өткізу қабілеті жеткілікті, – деді вице-министр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы өткен маусымда астық пен ұн экспорты рекордтық көрсеткішке (10,2 млн тонна) жеткенін айтты. Бұл отандық өнімге сұраныстың жоғары екенін және ұсыныс аясын кеңейту шараларының тиімділігін көрсететінін атап өтті. Оң әсерді ескере отырып, бұл қолдау 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылған.
Ал «ҚТЖ» ұлттық компаниясының өкілдері магистралды теміржол желісі тарифтері өзіндік құнының жартысы көлемінде белгіленгендіктен, олар 2026 жылға дейін 24 пайыз артатынын хабарлады. Бұл ретте депутаттар тарифтің көтерілуі астық, майлы дақылдар мен тыңайтқыш экспортына қауіп төндіретінін атап өтті.
Сондай-ақ мәжілісмендер күзгі егін жинау және тасымалдау кезінде туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу шараларына қатысты мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдеріне сауалдар қойды. Астық вагондарының жай-күйі мен жаңартылуына, тасымал қуатын арттыруға, ұн өнімдерін тасымалдаудағы көлік шығындарын субсидиялауға, отандық жылжымалы құрам өндірісін дамытуға ерекше назар аударылды.
Биыл үлкен көлемде егін жиналып жатыр. Бидай, астық өте көп, қазірдің өзінде 26 млн тоннадан асты. Бұл жерде бір ғана шешім бар – бидайды қарқынды түрде сыртқа шығару. Өнімнің көп болғаны жақсы, бірақ инфрақұрылым үшін үлкен салмақ. Шаруалардың, сайлаушылардың сұранысы болғандықтан осы мәселені көтеріп отырмыз, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Жиында айтылған ұсыныстар мен сараптамалық пікірлер негізінде ұсынымдар дайындалып, Үкіметке жолданатын болады.
















