Мәрмәр етке шетелден сұраныс артты
Біздің елдің бір әлеуеті – ет өндірісі. Мал қоңды болса, алушы табылады. Әсіресе, шет жұрттың қызығушылығы басым. Қазір жер-жерде мал бордақылау алаңдары көбейіп келеді. Соның бірі Қарабалықтағы кешен – мал сою комбинатын да іске қосты. Мұндағы өнім – жоғары сұрыпты мәрмәр іспетті ет. Кәсіпорын еңбеккерлері сәтін салса шұжықтың да түр-түрін шығаруға бекініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Мал бордақылау алаңы жеті жыл бұрын пайдалануға берілген. Қазір кешен бір мезетте 20 мың малды семіртейтіндей дәрежеге жетті. Өсірілетін тұқымның басым бөлігі – абердин-ангус, әуеликөл және қазақтың ақ бас сиырлары. Кейбір асыл тұқымды сиырлардай талғампаз емес, алдына қойғанын сыпырып жеп алады. Өріске де шығады. Құнарлы азықтың арқасында салмақтары жарты тоннаға дейін тартады.
Арман Есмұрзин, Бордақылау алаңының директоры:
– Жеке және фермерлік шаруашылықтардың да қара малын қабылдаймыз. Ұсынған бағамыз тиімді. Кім де кім асыл тұқымды мал тапсырса, мемлекеттен әр келісіне 200 теңге субсидия алады.
Кешен биылдан бастап халықтан сатып алатын малды өздері союға кірісті. Бұл мақсатта 400 млн теңгеге өңдеу комбинатын салды. Енді нарыққа делдалсыз сиыр етін ұсынып келеді. Сұраныс күллі Қазақстан және бірқатар шетелден бар.
Сергей Оржеховский, өндіріс технологы:
– Өнімді ең әуелі Ресейге экспорттаймыз. Қытай, Араб әмірлігінің нарығына шығу жоспары бар. Олар бізбен тығыз әріптестік орнатуға мүдделі. Сапалы етке деген қызығушылық жоғары бүгінде.
Комбинатта 40 адам еңбек етеді. Олардың ішінде ауыл және қала тұрғындары бар. Қуаныш Қазаева өңдеу цехының технологы. Тәулігіне екі тоннадай ет тексереді. Мұнда стейк және тартылған ет жасалады.
Қуаныш Қазаева, өңдеу цехының технологы:
– Бізде халал сапалы экологиялық таза өнім. Еттің құрамында аққуыз, май көп. Өндірісте тек заманауи технология және жабдықтарды қолданамыз.
Мал бордақылау алаңы ет комбинатын шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етеді. Ол жерден жыл сайын 15 мың бас ірі қара өңдеуге жіберіледі. Сәтін салса, кәсіпорын консервіленген ет пен шұжық шығаруды қолға алмақ.