Маңғыстауда шаруаның жем-шөпке жұмсаған шығыны қайтарылады
Маңғыстау облысында шаруаларды қолдау шаралары биыл да жалғасады. Жем-шөпке жұмсалған шығын қайтарылады. Осы мақсатқа мемлекеттен 400 млн теңге субсидия жеңілдетілген көмек ретінде беріледі. Көктемде шөлейт аймаққа ылғал мол түсті. Шөп шығымы жақсы жерлерде жайылғасын ірі қара мен қой-ешкі қазір күйлі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Былтырғы қуаңшылық маңғыстаулық малшыларға қиынға соқты. Бірқатары ондаған ірі қарасын жоғалтты. Ауыл тұрғыны Аяпберген Қуатбаев өз күшімен төрт түлігін шығынсыз сақтап қалғанын айтады. Биыл қаңтар-мамыр айлары жауын-шашын мол түсіп, жайылымдық жерлерде шөптің шығымы жақсы екенін көріп қуанған.
Аяпберген Қуатбаев, шаруа қожалығының иесі:
– Былтыр тіпті тамыры тереңде болатын адыраспан шөптің өзі шықпай қалды да биыл енді шөптің түрі шығып жатыр. Мына менің ұстап тұрғаным күйреуік деген шөп. Жерге шөп шықса, малға қоң бітсе адамдар көңілді болады екен. Мал да жайлы, жақсы болады екен.
Қызандық малшы Нәсір Ибескиев те былтыр қуаңшылықта біраз малынан айырылды. Қиындықтарға қарамастан ата кәсіптен қол үзбепті. Қолда қалған түлікті қорада ұстап, сатып алған жем-шөппен баққан. Соның нәтижесі қазір ірі қара саны 100-ге жуықтаған.
Нәсір Ибескиев, шаруа қожалығының иесі:
– Шөп шығып, енді көктеп, мал тойып, түленіп жатыр ғой. Енді былтырғыға қарағанда жаман емес. Былтыр да шықтық үкіметтен азды-көпті көмек те болды арзандау жем беріп.
Шаруа қожалықтарын мемлекеттен қолдау шаралары биыл да жалғасады. Айталық, Үстірт пен Кендірлі-Қаясан қорығын жайылым ретінде пайдалануға рұқсат берілді. Сондай-ақ жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса береді. Былтыр осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, айналым қаражат жергілікті операторларға 0,1% үлестірілді. Олар өзге аймақтан мал жемін сатып алып, жеткізіп жатыр. Осы жылы малшыларға жем-шөпке шығарған шығынын қайтару үшін де субсидия беріледі.
Қазбек Тәшімов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Ірі-ұсақты шаруа қожалықтары барлығы құжаттары дұрыс болған жағдайда малы арнайы дерек қорға тіркелген кезде субсидия алуға толық мүмкіндігі бар. Яғни әр мал басына ірі мал басына 20 мыңнан, ұсақ мал басына 5 мыңнан алуға толық мүмкіндік бар.
Мемлекеттен бөлінген субсидияны асыл тұқымды мал мен құс өсіретін шаруашылық жетекшілері де ала алады. Сондай-ақ малшылардың құдық қаздыруға жұмсаған ақшасының 80 проценті қайтарылады. Орал, Ақтөбе аумағынан шөп шауып әкелгісі келетін маңғыстаулықтарға қажетті көмек көрсетіліп жатыр.