Мал шаруашылығын бастауға жылқы малын өсіруге мемлекеттен қандай көмек бар. Өз басымда мал, жер жоқ.
14.12.2015 ж.
Жауап. Ең алдымен жер иелену үшін барлық құжаттарды дайындау керек. Ол үшін сіздің шараушылығыңыз орналасқан жердегі жергілікті орындаушы органдарға (аудандық немесе қалалық әкімдікке) хат жолдау қажет.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 37 бабына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы мынадай тәртіппен беріледі:
1) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін:
– Қазақстан Республикасының азаматтарына – 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге;
– оралмандарға – 25 жылға дейінгі мерзімге;
2) тауарлы ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін:
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге;
– шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқадамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға жиырма бес жылға дейiнгі мерзімге беріледі.
Екіншіден мал сатып алу қажет.
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы Министрінің 2014 ж. 19 қарашада №31/ 600 бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес субсидиялардың екі түрі бар:
- Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін байталдар мен сәуріктерді сатып алуға әр басқа40 000 теңге көлемінде субсидия беріледі. Егер асыл тұқымды малды тек отандық асыл тұқымды зауыттардан және шаруашылықтардан сатып алынса.
Сонымен қатар сатып алынатын жылқының жасына қатысты талаптар да бар (байталдар – 3 жасқа дейін; сәуріктер – 5 жасқа дейін).
Зоотехникалық қырылу нормалары шегінде сатып алынған асыл тұқымды аналық мал басын өсімін молайту мақсатында кемінде екі жыл, асыл тұқымды тұқымдық аталықтарды кемінде екі шағылыстыру маусымында пайдалану.
- Іс жүзінде жұмыс жасап жатқан фермаларға өндірілетін өнімнің сапасын және өнімділігін арттыруға субсидиялар бөлінеді. Субсидия алу үшін құрылғылар мен мал болуға тиіс. Ережелерге сәйкес, сатылған жылқы етінің 1 келісіне 92 теңге субсидия берілуге тиіс.
Шаруашылықта келесі шарттар орындалса:
1) Ағымдағы жылғы 1 қаңтарына жылқының аналық басының кемінде 75 бас болуы,
2) Жылқының (союға өткiзілетін) тiрiдей салмағы кемінде 350 килограмм болуы тиіс,
3) Ветеринарлық, ветеринарлық-санитарлық iс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру және зоотехникалық есепке алуды жүргізу
4) Малдың ұқсастық сәйкестік нөмірлерінің болуы және мал басын АЖС-да тіркеу.
Жанна Батабаева