Қостанайлық шаруалар Үкіметке ұжымдық хат жолдамақ
Сүттің құны судан арзан.
Қостанай облысындағы Александров ауылының тұрғындары ағарған жиып әуре болғанша, төгіп тастағанды әлдеқайда пайдалы деп ашынады. Шаруа серіктестікке шикізатты 110 теңгеден өткізеді. Бірақ бұл ақша мал ұстауға жетпейді. Оған қоса, биыл жем-шөп тапшы. Жайылымдық жерлер де жоқтың қасы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
– Сүт бағасы судан арзан. Қостанай облысындағы Александров ауылының тұрғындары осылай дабыл қағуда. Олар серіктестікке шикізатты 110 теңгеге тапсырады. Түскен ақша мал ұстауға да жетпейді. Оған қоса биыл жем-шөп тапшы. Жайылымдық жерлер де жоқтың қасы. Сол себепті сауылған су тегін сүттен нәпақа тауып қиналғанша, төгіп тастағаннан әлдеқайда артық дейді.
Шыдамы таусылып, амалы қалмаған Әлім Ақбаев осындай қадамға баруға мәжбүр. Ол он екі сиырдың сүтіп сатып, отбасын асырап келеді. Малдан басқа жұмысы жоқ. Бірақ сүттен түскен ақшаны малдың несиесін өтейді.
Әлім Ақбаев, шаруа:
– Мал бағу оңай шаруа емес. Таңғы 05:00-ден кешкі 21:00-ге дейін соңында салпақтап жүресің. Еңбегі лайықты өтелмейді. Бір күнде ең көп өткізген сүт 90 литрге жеткен. Мемлекет сүт зауыттарын субсидиялауы қажет. Мысалы, баға 20 теңгеге көтерілсе, 30 теңгеге субсидия бергені жөн. Сонда ғана сүт тапсыратын әр ауыл тұрғынына қолдау болар еді.
Былай жалғаса берсе, қысқа дейін Әлімнің қорасында төрт-түліктің түгел қалуы екіталай. Күзде 5-7 басты етке өткізбек ойы бар. Шаруа сиырларды бес жыл бұрын кооперативтер жаппай құрыла бастағанда алған. Миллион теңге несиеге қол жеткізіп, сүт сауатын аппаратқа ие болды. Бірақ уәде етілген кең мүмкіндіктер кооператив ыдырағанда желге ұшты.
Әлім Ақбаев, шаруа:
– Кооператив түгелімен ыдырап кетті десе болады. Егер мал алсақ, тегін ветеринарлық қызмет, қолдан ұрықтандыру сияқты мүмкіндіктер беріледі деп жазылды. Қазір өзімізбен өзіміз қалдық. Ешкімге керек болмай қалдық.
Сүтті қымбатқа сатамыз деген үміттерін тұрғындар қашаннан үзген. Ал жайылымдық үшін күрес әлі де жалғасады. Өнімді жерлер мұнда жұрдай.
Вера Ткаченко, Александров ауылының тұрғыны:
– Малымыз өрістен ылғи аш боп қайтады. Жайылым өте тар. Жер-жерден орлар қазып тастаған.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
– Шаруалар шабындықтың тапшылығына өңірдегі қуаңшылықтың да әсері бар екені айтады. Себебі көктемде жаңбыр аз жауды. Осының салдарынан шүйгін жерлердегі шабындық маусым айы болмай жатып сарғайып кеткен.
Александров ауылының төрт түлігіне 4,5 мың гектар жайылымдық жер қажет. Оның өзінде бөлінген телімдерде жусан мен қурай шөптен басқа түк жоқ.
Асад Аллахвердиев, бақташы:
– Шөп бізде атымен жоқ. Мал ұстау тиімсіз. Былтыр ауылда болған 300-дей мал басы қазір жартысына қысқарды.
Өнімді жерлер жеке меншіктің қолында. Онда инвестициялық жобалар жүзеге асырылып көкөніс өсіріліп, жаңа фермалар салынып жатыр.
Асад Аллахвердиев, бақташы:
– Біздің жайылымдық жер қалайша біреудің қарамағына өткен? Осының салдарынан жұрдай болып отырмыз. Ертең мал шаруашылығынан бас тартсақ, қаланың не сүтсіз, етсіз қалуы ғажап емес. Осыған құлақ асатын ешкім болмай тұр.
Жайылымдық жерлердің тапшылығын әкімдіктегілер жоққа шығармайды. «Ал ысырапшылдық туралы айту жөнсіз», – дейді.
Асхат Қолмұрзин, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы аудан жерлері пайдаланушылардың иелігінде. Оның заңдылығы жерді қадағалау басқармасымен түгелдей тексерілген.
Жергілікті билік жайылымды жерлерге қатысты туындаған мәселелерді кәдеге жарамай тұрған жерлерді қайтару арқылы шешпек. Соңғы жылдары бар болғаны 120 гектар мемлекет меншігіне өткен. Ауыл тұрғындарының ендігі үміті – Үкімет. Жақын арада ұжымдық хат жолдайтындарын айтады.