Қостанайлық шаруалар «Кең дала» бағдарламасымен жеңілдетілген несие ала алмай отыр
«Кең дала» бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдетілген несие кешігіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Қостанайлық шаруалар осылай деп шағымданды. Көбі көктемгі дала жұмыстарына қажетті керек-жарақты ала алмай отыр. Ал «Аграрлық кредиттік корпорация» өкілдері: «Егіс науқанын қаржыландыруда ешқандай кедергі жоқ», – деп отыр.

Мағауия Қалиев, тілші:
– Диқандардың қазіргі кездегі басты мақсаты – топырақтағы ылғалды сақтап қалу. Сол үшінде көбі ерте қамданып, ылғал жабу жұмысын қолға алған. Тобыл Жарқымбаев та алқапты жылдағыдан бір-екі апта бұрын тырмалауға кірісті. «Алайда қаржы тапшылығы жұмысқа қолбайлау болып тұр», – дейді қарабалықтық шаруа.
Тобыл Жарқымбаев, шаруа:
– «Кең дала» бағдарламасы бойынша осы жылғы егіске біз 100 миллион өтінім бердік. Ол 100 миллион әлі түскен жоқ. «Ақша жоқ» дейді әзірше. Қазір біз хат жазып жатырмыз. Тездетіңдер, уақыт келіп қалды, үлгірмейміз. Қазір ылғал кетіп қалса, сеппей-ақ қоюға болады. Жанармай, жаңағы саймандар, құралдар бәрі де қарызға алынып жатыр әзірше.
Сондай-ақ қостанайлық фермерлер «Кең дала» бағдарламасы бойынша несиелендіру шарттарын жеңілдетуді сұрайды. Құжат жинау, қағазбастылық уақыт алады. Кешігіп берілген несиені игеру мерзімі де қысқа деп отыр. Ал осы бюджеттік несиені бөліп, тарататын «Аграрлық кредиттік корпорация» филиалының басшысы бұл уәжбен келіспейді.
Мэлс Байболов, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ ҚФ директоры:
– Қараша айынан бері «Кең дала -1» бағдарламасы бойынша көктемгі егіске шаруалар шамамен 4 миллиард тенге жеңілдетілген несие алды. Ал «Кең дала 2» бағдарламасымен 193 өтініш қанағаттандырылып, 12,5 миллиард тенге берілді. Бұдан бөлек, 230-дан астам өтініш қаралып жатыр. Тапсырыстарды қабылдау әлі жалғасады. Ал кешігіп жатса, көбіне құжаттардың толық болмауы не дұрыс толтырылмауы себеп.
«Мемлекет шаруаларға барынша қолдау көрсетіп жатыр», – дейді жауаптылар да. Мысалы, өткен жылдары көктемгі дала жұмыстарына 140 миллиард теңге бөлінсе, биыл ол бес есе өсіп, 700 миллиард тенгеге жетті. Тек фермерлер бұл несиені уақытында алғысы келеді. Субсидия жыры да таусылар емес. Көмекқаржы бойынша берешек 50 миллиард тенгеден асқан.
Ғазиз Ахметчин, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– Қаражат барлық өтінімді бірден қамтуға жетпейді. 2023-2024 жылдан бер негізгі 2 бағыт бойынша 800-ге жуық өтінім әлі мақұлданған жоқ. Әдетте сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мен лизингке техника алу ауқымды қаражатты талап ететіндіктен, уақытында өтеу қиын.
Биыл Қостанай облысында 5 миллион 122 мың гектарға дәнді дақылдар себу жоспарланып отыр. «Ауа райына байланысты егіс жұмыстары тиісті мерзімінен бір-екі апта ерте басталуы мүмкін», – дейді мамандар.